Accessibility links

Баспасөзге шолу. 24.06.2008 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген газеттер Алматының орталық алаңындағы жерасты жұмысы тоқтап тұрған ойын-сауық кешені құрылысының болашағы, Қазақстандық журналистиканың бүгінгі жағдайы, сындарлы мақала жариялағаннан кейін тосқауылға тап болған Интернет сайты, cондай-ақ білім саласындағы соңғы жаңалық жайында сөз қозғапты.

«Жас алаш» газетінде Азамат Байзақұлының «Желтоқсандықтар қаны төгiлген алаң – киелi орын» деген мақаласында 2007 жылдың 15 қаңтарында құрылыс жобасының тұсаукесерi өткен «Алмалы» деп аталатын ойын-сауық орталығы туралы жазылыпты. Жалпы ауданы 100 000 шаршы метрдi құрайтын «Алмалы» ойын-сауық кешенінің құрылысы Алматының тарихи орталығы – Республика алаңының астынан 14-20 метр тереңдiкте салынатыны айқындалып, бұл жобаға сол кездегi қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов қолдау білдіріп, қазақ тарихында елеулi орын алатын Желтоқсан көтерілісі өрбiген қаладағы басты алаңда құрылыс жүргiзуге қарсы болған ұлт зиялылары мен бiрқатар қоғамдық ұйымдарға тойтарыс бергені сөз болыпты. «Сөйтiп, халықтың пiкiрiмен санаспаған әкiм құрылысты жалғастыруға корпорацияға мүмкiндiк бердi. Бiрақ белгiсiз себептермен көктем басында құрылыс жұмыстары тоқтап қалды. Қаржы тапшы болды ма, әлде басқа да себептерi бар ма, ол жағы белгiсiз» деп жазады автор. Газет енді Алматының орталық алаңының жерастын үңгіп қазып тастаған бұл құрылыстың болашағы бұлыңғыр қалып отырғанын айтыпты.

«Қазақстан іскері» апталығы «Отандық БАҚ шынайы сын айтудан қалды» деген атпен Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаевтың осы газетке берген сұхбатын басыпты. Онда Матаев мырза: «Өкінішке қарай, бізде сын жоқ. Қай бетті қарасаңыз да – бәрі жақсы. Үкімет пен министрлерді айтпағанда, тіпті, аудан, ауыл әкімдерін сынауға болмайды. Кеңес заманында... аудандық газет... билікке тәуелді бола тұрып бәрін де жағалай сынай алатын... Ал, бізде барлық газеттің жаңалықтары бірдей. Елде бір оқиға бола қалса, сол жаңалықты бәрі жыпырлата отырып, жарыса жазады, бірақ бір сарында, тек атаулары өзге. Бұл орайда, отандық ақпарат құралдары шетелдік баспасөз тәжірибесінен үлгі алуы тиіс» депті.

«Время» газеті Қазақстанда бір айдан астам уақыттан бері Интернеттегі www.posit.kz сайтының ашылмай тұрғанын жазыпты. Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың күйеу баласы, Қазақстан азаматы Әділ Тойғанбаевтың иелігіндегі бұл сайттың редакциясы, сайтқа тосқауылды онда әлеуметтік-саяси тақырыптарға жарияланған сындарлы мақалалармен байланыстырады.

«Айқын» газеті биылғы мектеп түлектерінің тапсырған Ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарын саралаған Қазақстаның білім және ғылым министрлігі «үздік» баға балына өткеру шегін 1 балға кемітіп, оқу орнына талапкерлердің конкурсқа қатысуы үшін қажетті табалдырықты 45 балға азайту туралы шешім қабылдағанын хабарлапты.

«Экспресс К» газетіндегі «Бетпе бет» атты мақалада өткен жексенбі күні Шымкент-Самара тасжолының 19-шы шақырымында бір-біріне қарама-қарсы бағытта үлкен жылдамдықпен келе жатып бетпе-бет соқтығысып қалған бір шағын автобус пен жеңіл автокөлікте отырған 6 ересек адам мен 3 бала тіл тартпай кеткені жайында жазылыпты. Апат салдарынан жарақат алған тағы 6 адам ауруханаға жеткізілген. «Жол полицейлері бұл апатқа қарсы бағыттағы жол бөлігіне шығып кетіп, ереже бұзған жеңіл автокөлік тізгіншісі кінәлі деп тауыпты. Соқтығысқан екі көліктің де тізгінішілері марқұм болған» деп жазады мақала авторы Ирина Галушко.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG