Accessibility links

Бюджет ақшасы неге игерілмей қалды?


2007 жылғы республикалық бюджеттен 26 миллиард теңге игерілмей қалды. Бұл туралы Астанада маусымның 24 күні парламенттің біріккен отырысында қаржы министрі Болат Жәмішев хабарлады. Бюджет орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мәліметінше, инвестициялық жобаларға ескеріліп бюджеттен бөлінген 139 миллиард теңгені 27 акционерлік қоғам екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне салып қойған. Парламент депутаттары бұл тиімсіз десе, үкімет басқа шара болмады деп ақталды.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Нұртай Сәбильянов былтырғы жылғы республикалық бюджет атқарылуында көптеген қателіктер барын айтады. Вице-премьер Өмірзақ Шүкеев болса негізсіз жұмсалды деген бапқа игерілмей қалған қаржы кіріп кеткен дейді.

Қаржы министрі Болат Жәмішевтің мәліметінше, жалпы 2007 жылға арналған бюджеттен 26 миллиард теңге игерілмей қалған. Бұл жалпы шығыстың 1 пайызына тең қаржы. Ал, вице-премьер Ө.Шүкеев өткен жылы бұл көрсеткіш артық болған дейді.

- Биыл аз болса да игермеу азайып келеді. Ал былтырғы 26 миллиард теңгенің жартысы мектеп құрылыстарын салуға арналғандықтан игерілмей қалды. Себебі, экономикалық өзгерістерге байланысты банктер несие беруді тоқтатты. Құрылыс саласындағы жағдайды өздеріңіз білесіздер. Бюджетті жаңа шындыққа икемдеп жатқанымызша, енді бұл жерде кімді жазалау керектігін мен білмеймін, - деді Шүкеев.

Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижанұлы бюджет қаржысын холдингтер тиімсіз жұмсады деп санайды. Депутат Нұртай Сәбильянов, бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мәліметіне сүйеніп, даму институттары бюджеттен бөлінетін 139 миллиард теңгені инвестициялық жобаларға салудың орнына екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне салып қойғанын сынға алды.

Вице-премьер Өмірзақ Шүкеев оның себебін әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар, холдингтер мен қорлар - жаңа ұйымдар екендігінде деген уәжбен түсіндіреді.

- Мүмкін, ақшаны банкке салудің себебі кәсіби біліктілік төмендігінен шығар, мүмкін инвестициялық жоба ұсыныстыры аз болған шығар. Бірақ, бұл заң бұзу болып саналмайды. Олар ақшаны бір жерде бәрібір сақтауы керек қой. Әйтеуір бір табыс табулары керек қой, - деді Шүкеев.

Вице-премьердің айтуынша, енді бюджет 3 жылға бекітілетіндіктен даму институттарына ақша бермес бұрын олардың стратегиялық бағдарламалары зерттелетін болады. Осылайша, парламенттің қос палатасының депутаттары 2007 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепке көңілдері толмаса да үкіметтің ол туралы есебін бекітті.
XS
SM
MD
LG