Accessibility links

Елорда күні. Қайраткерлер не дейді?


Бұдан былай қазақстандықтар 6 шілдеде, республикалық мереке – Елорда күнін тойлайтын болады. Өйткені, 2001 жылдың 13 желтоқсан күні қабылданған мерекелер туралы заңға өзгертулер енгізіліп; бейсенбіде президент Назарбаев оған қол қойды.

Бұл мереке президенттің туған күнімен бірге аталып өтеді. Мұны сәйкестік дейміз бе, әлде жоғарыда отырған басшылардың кейбіреуі президенттің туған күніне орай, осы идеяны ұсынып, Мемлекет басшысына сыйлық жасағы келді ме?

Таяуда Мәжіліс депутаты Сәт Тоқпақбаев парламенттің кезекті отырысында, Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгертуді ұсынып мәлімдеме жасағанда оған депутаттар қарсы болған жоқ, бірсыпырасы қолдау көрсетті.

1997 жылдың 10 желтоқсанында президент Назарбаевтың жарлығымен Ақмола қаласы Қазақстанның астанасы болып жарияланып, кейіннен қала атауы Астана болып өзгертілді. Ал енді қазір ресми биліктің 6 шілдені Елорда күні етіп белгіленуінде қандай мақсат жатыр?

Үкіметтің мерекелер туралы заңға толықтырулар енгізу туралы түсіндірмесінде: «Бұл заң жобасы халық үшін тарихи-мәдени маңызы бар және республика жетістігінің нышаны болып табылатын «6 шілде – Астана күні жаңа мемлекеттік мерекесін белгілеуді көздейді», - деп айтылған.

Парламенттің күн тәртібінде 6 шілдені Елорда күні етіп жариялау туралы ұсыныс айтылғанда, мәжіліс депутаттарының бір де біреуі қарсы шықпады. Елорда күнін 6 шілдеге сәйкестендіріп қоюға байланысты бірқатар қоғам қайраткерлері мен саясаткерлерге хабарласып, пікірлерін сұраған едік.

Жасарал Қуанышәлин, қоғам қайраткері:

- 6- шілдені Елорданың күні етіп және республикалық деңгейдегі мереке ретінде белгілеуі кездейсоқтық емес. Бұл Назарбаевтың бұрыннан жүргізіп келе жатқан саясатының жалғасы. Сондай-ақ, бұл жеке билік режимін нығайту саясаты. Жеке билік дегеніміз, жеке басқа табынумен астасып жататын дүние. Мұның барлығы өзін елдің иесі ретінде тарихта бекіттіріп және орнықтыру үшін жасалып жатқан істер. Елдің иесі деп жатқан себебім, қазір Елбасы деген сөз шеттеліп бара жатыр. Туған күнін Астана күні ретінде бекітіп, оны мемлекеттік мейрам етуі, бұл «ұлылық» дертінің бір көрінісі. Қазір Назарбаевтың маңындағылар оны барлығынан биік қойып, халықты тобырға айналдырумен айналысып жатқан сияқты. Кез келген басшы халқына жасаған жақсылығымен ғана сүйкімді болады. Менің ойымша, бұның барлығы дұрыс емес.

Балташ Тұрсынбаев, қоғам қайраткері:

- Мерекелер туралы заңға енгізілген толықтыруларға байланысты қандай пікір білдіруге болатынын білмеймін. Айтатын болсақ, Назарбаевтың 6 шілде күні туғанын еңбектеп жүрген балаға дейін біледі. Бұрынырақта, Қазақстанның кез келген қаласында, қала күні жазда өтетін. Соны жақсы білетін маңындағы адамдары 6 шілдені Астана күні етіп бекітіп жіберейік деп айтқан болу керек. Олардың сөзімен Назарбаев келіскен секілді. Ал бұның астарында саясат немесе тағы бірдеме бар деп нақты ештеңе айта алмаймын.

Ғани Қалиев, «Ауыл» партиясының төрағасы:

- Бүгінгі оқиғаны өте орынды болды деп есептеймін. Елбасы жоқ жерден үлкен қала салдырды. Астана – қазақ халқының мақтанышы. Дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келгендердің барлығы тек тамсанып, таңғалып жатыр. Сондықтан, Астана күнін мемлекеттік деңгейдегі мереке етіп жариялануын өз басым қолдаймын.
XS
SM
MD
LG