Accessibility links

Қазақстан: Тәуелсіз басылымдар жиі сотталады. Неге?


Қолына қалам ұстап, иығына диктафонын асып, дүрбелең дүние дауына араласып, қоғамды жаңалықпен сусындататын БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі де келіп жетті. Ресми билік Қазақстанда сөз бостандығы бар екендігін мәлімдегенімен, журналистер мен тәуелсіз БАҚ-ың сотта жауапқа тартылып жататын кездері аз емес.

Талай сот процесін басынан өткізген тәуелсіз журналистердің бірі - Ермұрат Бапи. Ол жұмыс істеген оппозициялық бағыттағы басылымдар, осы кезге шейін бірнеше рет жабылып, жаңа атпен қайтадан ашылған. Журналист Бапи, Қазақстанда өзге бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда, оппозициялық және тәуелсіз басылымдардың жиі жауапқа тартылып, ісі сотты болатынын айтады:

-«Тасжарған» газеті 4 рет сотқа тартылып төртеуінде де, соттың өтініші бойынша, дәйексіз екендігі анықталып, сот ісі тоқтатылды. Қазақстанда оппозициялық бағыттағы және тәуелсіз басылымдарға сот, прокуратура тарапынан тіс қайрау әлі күнге дейін тиылған жоқ. Оларды қудалау, қысым көрсету әрекеті Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалық ету қарсаңында да жалғасып жатқандығын айта кету керек.

Төртінші биліктің иесі саналатын журналистер қауымының Қазақстанда сотқа жиі тартылуына, ақпарат беру кезіндегі абайсыздығы себеп болып жатады. Кейбір журналистер мақала жазғанда тексермей, мәселенің байыбына бармай-ақ, газетке бере салады. Сұхбат алған адамдардың аты-жөндерінде қателік кетеді. Сондай-ақ мақалалары бір жақты болып, көп жағдайда екінші тарап ескерілмейді. Осындай мәселелерге ренжіген азаматтар оларды сотқа береді.

-

Бұрын билік басындағылар газеттерді жабуды жиі айтса, қазір олар журналистерден материалдық шығын талап етеді. Оның көлемі миллион, миллиардқа дейін жетіп жығылады. Ашығын айтқанда, қазір заңды көбісі біледі, сондықтан БАҚ өкілдерін сотқа беру жиілеп кетті, – дейді Журналистер Одағының басқарма төрағасы Сейітқазы Матаев.

Алматы қалалық сотының судьясы Қания Хайрулина, «Азаттық радиосына» берген сұхбатында, әділет саласында жүрген мамандарды қаралау бірқатар журналистердің материалдарында жиі кездесетіндігін айтты.

-

Кейбір газеттерде «соттар парақор, олар жемқор» деген мақалаларды жиі көзіміз шалады. Ол материалдар соттың ар-намысына келетінін олар ойламайды. Сондықтан біз келешекте негізсіз, дәлелсіз айтылған, жазылған сөзі үшін БАҚ-ын жауапқа тартуды ойластырып отырмыз, - деді ол.

Қазақстандағы сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» халықаралық қорының өкілі Елена Малыгина, «сиясы серігіне айналған» журналист қауымының да соңғы кездері жиі сотқа тартылуын, қоғамның журналист мамандығымен керекті дәрежеде санаспағандығымен байланыстырады.

- Осы жылдың қаңтары мен наурыз айының аралығында Қазақстанда 1 журналист қаза тапты. 3-і жапа шекті. 2-іне басқыншылық жасалса, 4-іне әлімжітік көрсетіліп, 2-і қамауға алынды; оппозициялық бағыттағы 2 басылым мен 3 сайт жабылды. Журналистерден 27 азаматтық құқық талап етіліп, олардың құқығы мен ар-ожданына қатысы 20 арыз-шағым түсті. Дәл қазір 3 іс сотта қаралып жатыр, - дейді Елена Малыгина.
XS
SM
MD
LG