Accessibility links

Жаңа мерекеге қуанбағандар да бар


Қазақстандағы мемлекеттік мерекелер саны тағы біреумен толықты. Маусымның 26-сы күні президент Астана қаласының туған күнін жалпы мемлекеттік мереке ретінде тойлау туралы құжатқа қол қойды. Енді қазақстандықтар Астана күнін шілденің 6-сы күні атап өтетін болады. Бұл күні Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаев та дүниеге келген.

Жасы жетпістен асса да Фатима Сыдыханқызы әлі күнге жұмыс істеуге мәжбүр. Ай сайынғы зейнетақысына қоса, ол көршілерінің балаларын баққаны үшін 12 мың теңге алады.

-72 жас бала бағатын жас па? Зейнетақы әртүрлі. Біреудікі - көп, біреудікі – аз. 16 мың теңгеге қалай өмір сүруге болады қазір?

Фатима әжей алда келе жатқан Астана мерекесінен де хабардар екен. Ол бұл мерекенің елдегі дағдарыс жағдайымен тұспа-тұс келіп тұрғанына қынжылыс білдірді. Қымбатшылық жайлаған заманда, көңілде қуаныштан гөрі мұңның басым болатындығын айтты.

-

Қалай мен тойлаймын, егер 40 жыл жұмыс істеп, 16 мың теңге зейнетақы алсам? Мына жұмыссыз жастарға қарап қалай жүрегің шыдайды? Қазір жағдайыңды айтып, бір әкімге кірейін десең, кіре алмайсың, әуелі. Мейрамдарды көбейтумен қатар депутаттар заңдарды қарастырып, жастарды жұмыспен қамту жағын неге ойламайды? Жарайды, біздің жасымыз жетті, енді мына жастардың болашағын ойлау керек қой. Тойға ешқандай қарсылығым жоқ, бірақ шенеуніктер сонымен қатар халықты да ойлауы керек қой!

Алматы қаласының тұрғындарынан сұхбат алғанымызда, Астананың мерейтойын көру үшін бас қалаға арнайы баратындардың да көп екендігін білдік.

-

Жаңа қаланың қарыштап дамуына кез келген қазақстандық қуануы тиіс. Алайда елдегі бас қаланың мерейтойы қарсаңында көңілді құлазытатын жайттар бар. Жалпы қазіргі таңда Астанаға байланысты, мерейтойға байланысты барлық науқан жасанды сипат алып жатқан сияқты. Яғни, бұл жерде біз халқымызды, ұлтымызды, еліміздің потенциалын, әлеуетін дәріптеуден гөрі бір адамды дәріптеп кеткен сияқтымыз. Осының бәрі әрине, Астананың тойының алдында көңілсіз ойларға жетелейді, - дейді, Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов «Азаттық» радиосына.

Шәріпбек Әмірбек, саясаттанушы:

«Астана күнін мемлекеттік мереке ретінде атап өту, Қазақстанда тұратын диаспора өкілдерінің ынтымақтастығын арттыруға ықпал етеді. Қазір мұндай үрдіс қай елде бар екенін айта алмаймын. Бірақ жалпы мынау қазақстандықтардың бастамасы, бір жағынан алғанда, ұлттық символымыз ретінде насихатталып отыр. Екінші жағынан, бұл патриоттық тәрбие көзі. Қазір мынадай термин бар: «етенелесу» немесе «идентичность». Яғни, біздегі барлық азаматтар өздерін «қазақстандықпын» деп есептеулері керек. Сондай жаңа бір идея осы Астана арқылы көрініс тапқан. Астананы дәріптеу, мойындау арқылы біз Қазақстандағы көптеген ұлт өкілдерінің Қазақстанды өз Отаны ретінде түсінуіне, қалыптасуына ықпал ете аламыз деп ойлаймын».

Сергей Дуванов, тәуелсіз журналист:

«Ұлттық бірліктің символы ретінде аталып жүрген Астана қаласында, өкінішке қарай, әлі күнге дейін ұлттық ерекшелік қалыптаспай келеді. Сырт келбетіне қарағанда Астана қаласында ұлттық ерекшеліктен хабар беретін нышандар байқалмайды. Бұл жағынан Алматы, Шымкент қалалары өзінің бейнелерін жоғалтпаған. Менің ойымша, қазіргі таңда Астана жарнамалық таңбаға айналып барады. Ол қарапайым тұрғындар үшін емес, шенеуніктер үшін ыңғайланып жасалып жатыр».

Қазақстанның астанасы Алматы қаласынан сол кезде Ақмола деп аталатын қалаға 1997 жылы көшірілген болатын. Ал 1998 жылдан бастап оған Астана атауы берілді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG