Accessibility links

Йоран Леннмаркер, Парламенттік ассамблеясының президенті: «Қазақстан билігі өз міндеттемелерін орындауға тиіс»


Қазақстан оппозициясының өкілдері, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдер сыртқы істер министрлерінің былтыр Мадритте өткен басқосуында Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжинның жасаған уәделері әлі күнге орындалмағанын сынап отыр. «Билік Сайлау, Саяси партиялар және Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды халықаралық ұйымдардың талаптарына сай өзгертіп жатқан жоқ», дейді олар. 28 маусым күні 17 сессияны Астанада өткізіп жатқан ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының президенті Йоран Леннмаркер «Азат Еуропа/Азаттық» радиосына осы мәселеге қатысты білдірген пікірінде: «Мен елдің ішінде болып жатқан жайттар бойынша маман емеспін, бірақ, Қазақстан билігі өз міндеттемелерін орындауға тиіс», деді.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік ассамблеясының президенті Йоран Леннмаркер «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы тілшісінің сауалына былай деді:

«Иә, Қазақстан осындай мәлімдемелерді Мадридте жасады. Мен үкімет пен парламент өз міндеттемелерін орындайды деп сенемін. Мен елдің ішінде болып жатқан жайттар бойынша маман емеспін. Бірақ, Қазақстан билігі өз міндеттемелерін орындауға тиіс деп ойлаймын. Және ол уәделер орындалады деп сенемін. Біз бұл мәселені Қазақстан билігімен талқылаған кезде жақсы диалог болған. Біз бұл уәделер орындалады деген тұжырымға келдік. Мен тағы қайталап айтқым келеді: бұл міндеттемелер Қазақстан билігі Мадридте айтқандай орындалады деп кәміл сенеміз».

Польшадағы қазақ қауымдастығының төрайымы, оппозициялық пікірді ұстанатын Балли Мажец, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының депутаттары үшін Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжин жалған уәделер береді деген үш ұйықтаса түске кірмейтін нәрсе екенін айтады.

Оппозициялық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан ұйымға төрағалық еткен соң ресми билікке авторитарлық режимді бәсеңдетіп, демократиялық үдерістерді мойындауға тура келеді.

«Төраға болған соң Қазақстанға сөз бостандығы керек және Қазақстан адам құқықтарын сақтау жөніндегі халықаралық талаптарды орындауға тиіс», - дейді оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова.

Қазақстанға ұйымға төрағалық етуге көмектескен Ресей тарабы сарапшыларының пікірінше, Батыс елдері Қазақстанды ұйымға кіргізіп демократиялық талаптар қою арқылы елді қадағалау мүмкіншілігін алмақ. Оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталованың пікіріншеде Батыстың мақсаты демократия емес мұнайгаз ресурстары.

Ал, бұған дейін елге келген ұйым төрағалары сынның сыртында Қазақстан басқа мемлекеттерге этникалық және ұлтаралық келісім үлгісі бола алады, деген пікірлерін білдірген. Ел тәуелсіздік алғалы, нарықтық экономика бағытындағы көптеген реформалар жасалған деген пікір бар. Жергілікті билік біз өлім жазасынан бас тарттық, бұл адам қорғаудағы үлкен табыс, деп бағалаған. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төрағалық ететіні белгілі.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG