Accessibility links

Балли Мажец: Қазақстан билігі қоғамдық ұйымдарды алаламауы тиіс


Астанада маусымның 29 күні жұмысын бастаған Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының сессиясына қатысуға келген Польшадағы қазақ қауымдастығының төрайымы Балли Мажецтің Қазақстанға бұл жолғы сапары шырғалаңға тап болды. Еуропалық ұйымның шақыртуымен шетелдік делегация құрамында Астанаға келер алдында әуелі Қазақстанның Польшадағы елшілігі виза бермей, тіпті өзіне қол жұмсағанын айтқан Мажец мұндай жайтты шектен шыққан бассыздық деп атады. Ал, Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев қабылдаушы мемлекеттің елшілігі шетелдік азаматтарды өз территориясына, қалауы бойынша, жібермеуге құқылы екенін айтады. «Ал ол азаматшаның соққыға жығылғаны туралы ақпараты жеке ұпай жинау үшін жасалған нәрсе» деп жауап берді «Азаттық» радиосының сұрағына Е.Ашықбаев.

Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Парламенттік Ассамблеясының сессиясына келмекші болған Польшадағы қазақ қауымдастығының төрайымы Балли Мажец өзінің Астанаға осы жолғы сапарында өзгелерден өзгеше оқиғаны бастан кешуіне тура келгенін айтады:

- Әуелі маусымның 24 күні Варшавадағы қазақ елшілігінің қызметкерлері маған виза беруден бас тартты. Олар тіпті мені елшіліктің ауласына да кіргізбей есіктен сөйлесті. Мен оларға Астанаға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының үлкен жиынына арнайы қонақ ретінде шақыртумен бармақшы екенімді айтып, елшілікке кірмек болғанымда, мені жұлқып-итермелеген елшілік қызметкерінің қолы бетіме тиіп, ол жер ісіп көгеріп қалды. Мен бұл жайтқа байланысты полиция шақыртуға мәжбүр болдым. Елшіліктің екі қызметкері полиция өкілдеріне: «Мажец Қазақстанға ешқашан келмейді» деп ашық мәлімдеді.

Қазақстанда туып, соңғы 20 жыл бойы Польшада тұрып жатқан Балли Мажец Қазақстандағы адам құқығының жағдайы туралы сындарлы іс-әрекеттерімен танымал. Ол визаның берілмеуін де өзінің саяси көзқарасымен байланыстырады. Ал, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев бұл оқиғаның ешқандай саяси астары жоқ дейді:

- Мажец ханымға елшілік қызметкерлері қол жұмсаған емес. Бұл саясаткердің жеке ұпай жинау үшін жасап отырған ақпараты. Ал виза беру мәселесіне келер болсақ, қабылдаушы мемлекеттің елшілігі, қалауы бойынша, шетелдік азаматтарды өз территориясына жіберуге немесе жібермеуге құқылы. Дегенмен, бұл жолы Балли Мажецке виза берілді, ол Астанада жиынға қатысып отыр.

Балли Мажец болса, өзіне виза беруге Қазақстанды халықаралық қауымдастықтың бұл мәселеге қатысты ұстанымы мәжбүр етті дейді.

- Менің басымнан өткен жағдайдан хабардар болған ақпарат құралдары ол туралы бірден жалпақ елге жария қылды. Осы Қазақстанның өзінде «Свобода слова» газетінде, өзге де қазақстандық және шетелдік баспасөзде бұл оқиға жайында ақпарат лезде тарап, халықаралық қауымдастық хабардар болып үлгерді, түрлі ұйымдар назар аударды. Содан кейін барып Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызметі департаментінің директорынан маған арнайы шақырту хат келді. Онда Қазақстанға кіруге рұқсат беретін визаны Астана қаласының әуежайынан алуыма болатыны жазылыпты. Мен Вена қаласы арқылы ұшып, маусымның 28 күні Астанаға келіп, визаны алдым.

Балли Мажец жексенбі күні Астанада жұмысын бастаған Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының сессиясына қатысты. Бірақ, жиынды өткізуші елдің қоғамдық ұйым өкілдері үшін белгілеген тәртібі оның наразылығын туғызды.

- Олар бізге жиын өтіп жатқан залда емес, оқшау бөлмеде орындар дайындапты. Яғни, біз жиынды теледидар арқылы ғана қарап отыруға тиіс екенбіз. Әрине, біз бұнымен мүлдем келіспей, бірден өз наразылығымызды айттық. Себебі, біз мұнда теледидар қарау үшін емес, 56 елден жиналған парламент мүшелерімен көзбе-көз жүздесіп, тіл қатысып, пікір алмасуға келгенбіз. Осыдан кейін залда отыруға мүмкіндік алғанымызбен, Қазақстан тарабы енді үкіметтік емес ұйым өкілдеріне өзге де кедергі-тосқауылдар қоюға тырысып бақты. «Өйтуге болмайды, бүйтуге болмайды» деген тиымдарды кесе-көлденең тартты. Оның үстіне осы жиынға қатысып отырған үкіметтік емес ұйымдарды Қазақстан билігінің алалалап отырғаны таңданыс пен наразылық туғызды. Мәселен, мен және қазақстандық қоғамдық ұйым белсенділері Зәуреш Батталова, Бақытжан Төреғожина, Айнұр Құрманов төртеумізге осы сессия бағдарламасында жазылған бірқатар шараларға шақырту берілмеді. Атап айтқанда, президент Н.Назарбаев, Қазақстан парламенті Сенаты төрағасы Қ.Тоқаев, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов мырзалардың қабылдауларына өзге қоғамдық ұйымдар шақырылып, біз – билікті сынап жүргендер – әлгі тізімге енбей қалдық. Мен өз наразылығымды білдіріп бұл жайтты бірден Польшадан келген делегация басшылығына жеткіздім. Делегация басшысы бұл мәселеге байланысты Қазақстан тарапына өз тілегін айтты – егер осы аталған қоғамдық ұйымдар әлгі шаралардан тыс қалатын болса, онда Қазақстан жағына наразылық білдірілетіні ескертілді. Шынымды айтайын, қаншама жылдан бері ЕҚЫҰ және өзге де халықаралық ұйымдардың түрлі деңгейдегі басқосуларына қатысып келе жатқан мен дәл бұл жиындағыдай өрескел іс-әрекеттерді кезіктірген емеспін. Еуропалық ұйымға төраға болуға ұмтылып отырған елдің үкіметі өркениетті қоғамның талап-тілектеріне сай болатындай жұмыс атқаруы тиіс, - деді Балли Мажец.

AzattyqTV

Ресейдің "тыңшысы"

Kaspersky Lab. дауы

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG