Accessibility links

Қазақстанда спорт журналистикасы кенжелеп қалды


2-шілде – халықаралық спорт журналистерінің күні. Бұл күн Халықаралық спорт баспасөзі қауымдастығының бастамасымен 1995 жылдан бері аталып келеді. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда спорт журналистикасы тиісті дейгейде дамып отырған жоқ.

Қазақстан спорт журналистер қауымдастығының төрағасы Несіп Жүнісбайұлы спорт журналисті болу үшін кезінде арнайы мемлекеттік дене тәрбиесі институтын тәмамдапты. Ол Қазақстандағы спорт журналистикасының қазіргі жағдайына қанағаттанбайды.

- Олимпиада ойындары, кешегі өткен әлемдік футбол додалары секілді жарыстардан әдемі хабарлар жеткізу жайы, оларды кеңінен талдап, оның пайда-зиянын көрсете алу секілді мәселелер кенжелеп жатыр. Соған байланысты біздің елімізде спорттың дамуы насихатқа байланысты тежеліп отыр. Неге десеңіз, кеше ғана Еуропа чемпионы болған испан футболшыларының жеңісінің негізгі кілтін таба алатын журналистер болса, соны оқыған біздің мемлекетіміздің футбол саласының мамандары ұлттық футболымыздағы кемшіліктерді жоя алар еді, - дейді ол.

Несіп Жүнісбайұлы елдегі спорт журналистикасының баяу дамуын оған жоғары деңгейде мән берілмей жатқандығымен байланыстырып, журналистердің көпшілігінің бұл салаға аса қатты қызығушылық танытпайтындығын айтты.

- Қысқа хабарларды жазатын адамдардың бәрін біз спорт журналистері деп ұғамыз. Онымыз - қате. Көп газет-журналдар немесе радио-телеарналар өзінде спорт журналистері жоқ болғандықтан ғана осындайға барады. Мысалы, басқа мемлекеттерде спорт журналистикасына деген көзқарас біздегіден гөрі жоғары. Бір ғана Жапонияны алайық. Жапонияда тек спорт журналистері қауымдастығы ғана емес, сонымен қатар мәселен, футболды жазатын журналистердің жеке өз қауымдастығы бар.

Несіп Жүнісбайұлының айтуынша, қазіргі таңда спорт тақырыбына жазатын әріптестерімізді қарапайым журналистерден ажырату қиын.

- Спорт әлеміндегі жаңалықтарды көпшілікке жеткізуші журналистерде тәжірибе аз, - дейді Несіп Жүнісбайұлы.

Оның бұл пікіріне әріптесі Александр Трофимов та қосылып отыр.

- Оларға жоғары кәсіпқойлық жетіспейді. Қазіргі таңда спорт журналистерін екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа жататындар спорттың қандай да бір түрін жақсы білгенімен, оларды көпшілікке ойдағыдай жеткізе алмайды. Екінші топтағылар, керісінше, журналистика саласын жақсы меңгергенімен, өкінішке қарай олардың спорттан хабары тым аз, - дейді, спорт журналистикасында 15 жылдан астам тәжірибесі бар журналист.

Ал Қазақстандағы осы тақырыпты 8 жылдан бері зерттеп келе жатқан журналист Леонид Юрьев соңғы 5 жылда елдегі спорт журналистикасында ілгерілеушілік байқапты. Аталған саланың бүгінгі жағдайына тоқталған Леонид, бұл саладағы мамандарды дайындау ісінің әлі күнге дейін дұрыс жолға қойылмай отырғанымен де келіседі.

- Бізде спорт журналисті деген арнайы мамандық жоқ. Оған адамдар кездейсоқ келуде. Мәселен, мен спортты жақсы көрмегенде журналист те болмас едім. Бізде жақсы спорт материалын жазатын саны шектеулі басылымдар бар. Бұл басылымдардың бас редакторлары спорт жайында жақсы біледі. Бірақ, мақаланың сапалы болып шығуы үшін бақылау жеткіліксіз, оған сонымен бірге кәсібилік те керек. Жақсы спорт журналисті жаңалықты көпшілікке тек жеткізіп қана қоймайды, ол сонымен бірге жаңалықты талдап, екшейді де. Бізге ешқандай жағдай жасалмайды. Мәселен, түрлі спорттық шараларда шетелден келген спорт журналистеріне арнайы баспасөз орындары беріледі, қазақстандық спорт журналистеріне ондай орын тұрмақ, спорт жанкүйерлерінің арасынан да орын тимейді, - дейді журналист Леонид Юрьев.

Шілденің 2-сі күні Қазақстандағы спорт журналистикасын дамыту мақсатында «Спорт Қазақстан журналистикасының көзімен» атты екінші республикалық конкурс жарияланды.

Өткен жылы конкурсқа тым аз материал түсті. Әсіресе, қазақ тіліндегі материал өте тапшы, олардың саны 10-ға да жетпеді, - дейді осы шараны ұйымдастырушылар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG