Accessibility links

Александр Стубб, ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы: Әлемде тек бір партия болуын қалайтын бірде-бір ел жоқ


Александр Стубб, ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы
Александр Стубб, ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы

Шілденің 2 күні кешке Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Финляндияның сыртқы істер министрі Александр Стубб Қазақстандағы саяси партия өкілдерімен кездесуінде, «әлемде тек бір партия болуын қалайтын бірде-бір ел жоқ», деген пікір білдірді. Оның бұл пікірі елдегі саяси күштердің арасында түрлі пікір қайшылығын туғызды.

Мемлекеттегі кейбір саяси күштер Қазақстанда билікшіл партиялардан басқаларына парламенттен орын бұйыратындығына күмән келтіріп, оған жету үшін қойылған тосқауылдарды жою қажеттілігін ұсынды. Билік партиясының өкілі болса, парламенттік сайлауға дайындықтың депутаттар каникулдан келген соң басталатындығын жеткізді.

Мемлекет басшысы Назарбаевтың «Қазақстанда кем дегенде екі партиялық парламент құратын механизм жасау керек», деген ұсынысы әңгімеге арқауы болды. Президент Назарбаев төрағалық ететін билікшіл «Нұр Отан» партиясының өкілі Серік Ахметов әлемде идеалды демократияның жоқ екендігін сөз қылып, келешекте партияны тіркеу процесінің жеңілдетілетіндігін тілге тиек етті.

- Демократияға апаратын жол өте ұзақ. Ал, Қазақстандағы бір партияға дауыс берген сайлаушылардың өздері. Дегенмен енді партияны тіркеу ережесі жеңілдетіледі. Каникулдан кейін «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы 7 пайыздық шекті жинай алмаса да, екінші партияға парламентке өтетін құқықтық механизмді беруді қарастырады, - дейді ол.

Қазақстанның демократиялық «Әділет» партиясының жетекшісі Мақсұт Нәрікбаев сайлаудың алдында заңдарға түзетулер енгізіліп, партияларға саяси блок құруға тыйым салынғандығын сөз қылды.

- «Нұр Отаннан» басқа қаржылай жағынан күшті партия жоқ, сондықтан сайлау додасынан өту мүмкіншілігін беретін пайыздық шекті қазіргі 7-пайыздан төмендету керек, - дейді Нәрікбаев.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Финляндияның сыртқы істер министрі Александр Стубб болса, Финляндияда партиялардың парламентке өту мүмкіндігін шектейтін пайыздық өлшемнің мүлде жоқ екендігін мысалға келтірді.

Қазақстандағы оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның өкілі Болат Әбішев, о бастан билік партияларына ғана жағдай жасалып қойылған деп есептейді. Ол да оппозициялық партиялардың билікке бара алатындығына сенбейді.

- Сондықтан өзге партияларға кедергілерді азайту керек. Бірақ, президент Назарбаев бірпартиялық парламентке екінші партияны кіргізсе де, ол оппозициялық партия болмайды, - дейді Әбішев.

Қазақстанның коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен Қазақстанның жұмыс істеп келе жатқанына 10 жылдан асқанымен, бұрындары көбірек болған демократияның қазіргі уақытта керісінше азайып кеткендігі туралы ойын білдірді.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Финляндияның сыртқы істер министрі Александр Стубб президент Назарбаевпен кездескенде осындай шектеулер бар екендігін және олармен жұмыс істеу керектігін жеткізгендігін айтып берді.
XS
SM
MD
LG