Accessibility links

Мемлекеттік ақпарат құралдары ұлттық холдингке біріктірілді


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстан үкіметінің шілденің 4-күнгі қаулысымен мемлекет меншігіндегі бұқаралық ақпарат құралдары «Арна Медиа» ұлттық ақпараттық холдингі акционерлік қоғамына біріктірілді. Үкімет бұл осы саладағы бәсекелестікті жақсарту үшін жасалып жатқан шара десе, журналистер бұның арты сөз бостандығын тұншықтыратын монополияға апарып соғуы мүмкін деген пікір айтып отыр.

Үкімет қаулысына сәйкес, Қазақстандағы ақпараттық кеңістіктегі бәсекелестігін көтеру үшін құрылған «Арна Медиа» ұлттық ақпараттық холдингі акционерлік қоғамы заңды тұлғаларды тиімді басқарумен айналысады. Ол үшін холдинг орналастыратын құнды қағаздар есебіне заңды тұлғалардың құнды қағаздары алынбақ.

Жаңа холдингтің құрамына «Қазақстан» телерадиокорпорациясы, «Хабар» агенттігі, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттері, «Қазақпарат» ұлттық ақпарат агенттігі, «Қазақстандық телекоммуникациялар» акционерлік қоғамы (КАТЕЛКО), «Қазтелерадио» қоғамы, «Жас Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Қазақ газеттері» серіктестігі кіреді.

Қазақстандағы сөз бостандығының жағдайын зерттейтін «Әділ сөз» қоғамдық қорының өкілі Ғалия Әженова үкіметтің бұл шарасы елдегі сөз бостандығына кесірін тигізіп, ақпарат құралдары саласында монополияның орнығуына апарып соқпай ма деген күдік туғызатынын айтады.

Жаңа холдингке енген «Қазақ газеттері» серіктестігінің құрамындағы «Мысль» журналының бас редакторы Сейдахмет Құттықадам енді онсыз да сөз бостандығы кемшін ақпарат құралдарындағы жағдай нашарлай түсуі ықтимал деген пікір білдірді.

Жаңадан құрылған мемлекеттік ақпарат холдингке байланысты «Азаттық» тілшісінің сауалына жауап беруге Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетіндегілер уақыт таппады.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, үкімет атынан «Арна Медиа» ұлттық холдингінің басқарма төрағасы қызметіне Қазақстан президенті әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі Қуандық Бишимбаев ұсынылып отыр.
XS
SM
MD
LG