Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.07.2008 жыл


Сенбілік басылымдар негізінен Астана мерекесі күніне айрықша назар аударыпты. Мемлекет басшысының әкімдерге Астана қаласының 10 жылдығына арналған медальдарды табыс еткендігі, президент кубогына арналған ат жарысының өткендігі сөз болыпты.

«Айқын» газетінде Гүлнар Жұмабайқызының «Арнайы экономикалық аймақтың қосқан үлесі де аз емес» деп аталатын мақаласы жарық көріпті. Мақалада, Президенттің жарлығымен 2001 жылы құрылған «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының жемісті еңбек етіп келе жатқандығы туралы сөз қозғалыпты. Әу баста 2007 жылға дейін жұмыс жасайды деп құрылған бұл аймақтың жұмыс істеу мерзімінің 2010 жылға дейін созылатындығы айтылыпты.

Автордың мақаласында азғантай уақыттың ішінде Есілдің сол жағалауында сән-салтанаты жарасқан әкімшілік және әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттар, бизнес орталықтар, қонақүйлер мен тұрғын үй кешендері бой көтергені тілге тиек етіліпті. «Негізі, бұл аймақ жаңа Астананың құрылысын қарқынды және жүйелі жүргізу мақсатында құрылғаны анық» деп, - жазады автор.

«Егемен Қазақстан» газетіндегі Жылқыбай Жағыпарұлы «Қылқалам шебердің шабытын ұштады» деген мақаласында, «төрткүл дүние көз тіккен Астана жер шарының түкпір-түкпірінен келген ақ ниетті адамзат өкілдері егемен елдің қуанышына ортақтасып, шынайы қуаныштарын білдіруде» деп, солардың бірі – Сан-Францискодан келген суретші Джэк Стаппин екенін мысалға келтіріпті. Әлемнің небір әсем қалаларын аралаған суретшінің сапарының Астанада жалғасып жатқаны баяндалыпты.

Сондай-ақ, оның Астана туралы сурет салғысы келетіні айтылыпты. Басылымға берген сұхбатында ол «Міндетті түрде табиғатқа арналған екі картина салу керек. Мұнда керемет ландшафт бар», деп сыр шертіпті.

«Литер» газетінің бірінші бетінде Астананың 10 жылдығы қарсаңында сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен үзінді беріліпті. Өз сөзінде Қазақстан президенті Астана тарихының тәуелсіз Қазақстанның жылнамасындағы жарық күндердің бірі болып қалатындығын атап өтіпті. Сондай-ақ газеттің бірінші бетінде Германия Федеративтік Республикасының экс-канцлері Герхерд Шредердің, Сингапурдың парламент спикері Абдулла Тармагидің, Мәскеу қаласының мэрі Юрий Лужковтың құттықтаулары жарық көріпті.

«Казахстанская правда» газетінің сенбілік саны Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың Астана мерекесінің 10 жылдығына байланысты берілген көлемді мақаласымен ашылыпты.

«Экспресс К» басылымында да Астана мерекесі күнін атап өтуге байланысты дайындықтың қалай жүріп жатқандығының жай-жапсары туралы мақалалар топтамасы жарияланыпты. Газеттің бірінші бетіндегі Владимир Шпаков пен Наталья Тереньеваның мақаласында Қазақстанның бас қаласында президент кубогы үшін ат жарысының өткендігі хабарланыпты. Сондай-ақ мақалада мемлекет басшысының әкімдерге Астана қаласының 10 жылдығына арналған медальдарды табыс еткендігі сөз болыпты. Мақала авторы Астана тойына Еуропа футбол одағының президенті Имшель Платинидің арнайы келгеніне айрықша тоқталыпты.

Газеттің бесінші бетінде жарық көрген Дариға Тұрысбекованың мақаласы ЮНЕСКО ның штаб-пәтерінде «халықтардың алғашқы қоныстануы тақырыбына» арналған халықаралық конференцияның өткендігіне арналыпты. Бұл конференцияның жұмысына қазақтың ақыны Олжас Сүлейменов қатысып, сөз сөйлеген екен.
XS
SM
MD
LG