Accessibility links

Айдын Қалықовты өлтірді деген күдіктілер ұсталды


Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Малыбай ауылының 37 жасар тұрғыны Айдын Қалықовты азаптап өлтірді деген күдікпен екі азамат ұсталды. Мұны сейсенбі күні, «Азаттық» радиосына Еңбекшіқазақ ауданының прокуроры Төлеген Иманбаев хабарлады. Маусым айының соңында қылмыскерлер оқиға болған жерден қашып кеткен болатын. Мұның ақыры ұлтаралық жанжалға ұласып кетпеуі үшін ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері мен полиция өкілдері сақтық шараларын жасап, ауылға кіріп-шыққандарды қатаң бақылауға алған еді.

Маусымның 27-і күні Айдынның мәйітін туған-туыстары ауылдың маңындағы Алматы су арнасының ішінен тауып алған болатын. Қылмыскерлер оқиға болған күні қашып кеткен. Айдынның анасы Мәрия Қалықова, ұлын азаптап өлтірген қылмыскерлер ауыр жазаға тартылсын дейді:

- Қылмыскерлерді менің көзіме көрсетсін. Бұл мәселе заң аясында шешілсін. Менің ұлымды кінәсі не? Ұйымдасып өлтіріп отыр. Намысшыл еді. Ар-ұжданы жоғары болатын.

Айдынның зайыбы Несіпкүл Базарова да тек қылмыскерлерге әділетті үкімнің шығарылғанын тілейтінін жеткізді:

- Қара күштің иесі болатын. Бір-екі адамның өлтірді дегеніне сенбеймін. Күйеуім аз адамға оңайлықпен есесін жібермейді. 4 балам бар. Алды 13-те, кенжем 4 жаста. Көз жасымызды көріп, әділ жазасын берсе екен деп тілеймін.

Істің мән-жайысын білу мақсатында біз сейсенбі күні Еңбекшіқазақ ауданының прокуроры Төлеген Иманбаевқа хабарластық. Ол «Азаттық» радиосына қазіргі уақытта Айдын Қалықовты өлтірді деген күдікпен екі азаматтың ұсталғанын айтып берді:

- Ұсталғандары рас. Алдын-ала сезіктеніп жүрген екі күдікті қамауда. Қазір олар кінәләрін мойындап, жауаптарын беріп жатыр. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Аса ауыр қылмыс жасағандары үшін, ҚР қылмыстық кодексі 96 бабы, 2-ші бөлімі, «ж», «и» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олар аса ауыр қылмыс жасағаны үшін, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылының әкімі Нұрдаулет Қалқаев та, күдіктілердің ұсталғанын растап отыр:

- Бүгінгі таңда екі қылмыскер де ұсталды.

«Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшім бұл мәселеде билік орындары былтырғы жылы Шелек пен Казатком ауылдарындағы қателігін қайталмауы тиіс деп ескертті:

- Билік осындай бұрқ ете қалған уақыта ғана жетіп келеді. Оған дейін ешқандай жұмыс жасалынған емес. Алғашқы кезде жақын маңдағы ауыл жігіттерінің келуі, Алматыдағы біздің дүрлігуіміз осының себебі. Екіншіден, осы мәселені сыртқа шығармаудың амалдары жүріп жатыр. Қысқасы жоғарыдан бұйрық болған болуы керек, жабулы қазан жабулы күйінде. Егер осыны бүкіл республика естіп, талқыламаса, ол мәселенің шығу жолын іздемесе, ертең тағы да қайталана беретіні айдан анық.

Шелек ауылында тұратын ұйғыр қауымдастығының жігіт басы Абдусалам Даутов бұл оқиғаны шектен шыққан қаныпезерлердің айуандықпен жасағаны деп айыптап, алайда бұл қылмысқа ұлтаралық сипат беру өте қауіпті екенін айтты:

- Бұрыннан бір-бірімізге бауыр халықпыз. Біз құда-жекжат болып кеткенбіз. Ешуақытта жаманшылық ойламаймыз. Біз жастарға бәрін түсіндіреміз. Мына қылмыс жасағандардың бұл әрекеті бәрімзіге ұнамайды. Өзім болсам да, олардың жүзіне бір рет түкірсем деймін. Үкіметіміздің заңы бар, соған бағынып жұмыс істесек деймін.
XS
SM
MD
LG