Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.07.2008 жыл


Сейсенбі күні жарыққа шыққан басылымдарда, Жапонияда басталған «Үлкен сегіздіктің» кезекті бас қосуы туралы жазылыпты. Сонымен қатар, мемлекеттегі бірнеше ақпарат құралдарының басын қосып, «Арна медиа» холдингісінің құрылғандығы жөнінде және Алматыдағы пәтер бағаларының күн санап арзандап бара жатқандығы туралы сөз болыпты.

«Айқын» газетінің 9 шілде күнгі санында, журналист Құбаш Сағидоллаұлының «8+8=16 емес» деген мақаласы жарық көріпті. Мақалада, Жапонияның Хоккайдо аралындағы Тояко қалашығында «Үлкен сегіздік» елдері – Ресей, Британия, Франция, Германия, Италия, Жапония, Канада және АҚШ басшыларының бас қосқаны жазылыпты. Одан өзге бұл саммитке Азия және Африканың 22 дамушы мемлекеттерінің басшылары қатысатыны айтылыпты. Самиттің басты тақырыбы – жаһандық климаттың өзгеруі, әлемдік қаржылық-экономикалық және халықаралық мәселелер болып отырғаны баяндалыпты. Аталған жиында экологиялық мәселелер жөніндегі келісімдер Хоккайдо саммитінің тарихта қалуға мүмкіндік беретіні сөз болыпты.

Сондай-ақ, «Үлкен сегіздік» елдері экологиялық келісім бойынша, 2050 жылға дейін парник газдарының шығарылымын екі есеге қысқарту жөніндегі міндеттемелерге қол қоятындығы хабарланыпты. «Халықаралық энергетикалық агенттік мамандарының бағалауынша, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін өте мол инвестиция – 45 триллион қаражат қажет екен» деп жазады мақала авторы.

Сонымен қатар, газеттің төртінші бетінде Гүлнар Жұмабайқызының «Алматыда үй арзандады, бірақ алушы аз» деген мақаласы жарияланыпты. Мақала авторы Алматыда үй бағасының күн сайын құбылып тұрғанын айтыпты. Өткен жылдары баға көтерілсе, биыл керісінше, төмендеп барады екен. Мұның себебін журналист, әлемді жайлаған экономикалық дағдарыс, азық-түліктің қымбаттап, қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігінің шатқаяқтана бастағандығымен байланыстырыпты.

Қазір жылжымайтын мүлік нарығындағы баға 2006 жылдың наурыз айындағымен сәйкес келіп тұрғанын баяндап, оның нағыз шарықтау шегіне жеткен кезеңінің өткен жылдың маусым айы болғанын сөз етіпті.

«Жас алаш» газетінің сейсенбі күнгі санында, Үкіметтің қаулысымен ұлттық холдинг құрылғаны сөз болыпты. «Арна Медиа» деп аталатын бұл холдингтің қарамағына «Қазақстан» республикалық телеарнасы, «Хабар» агенттігі, «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттері, «Қазақ ақпарат агенттігі», «Қазақстан телекомуникациясы», «Жас өркен» және «Қазақ газеттері» серіктестіктері кіргені баяндалыпты.

«Енді ақпарат министрлігін тарату қалды» деп аталатын бұл мақалада, Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі Айдос Сарымның пікірі жарияланыпты. Ол басылымға берген сұхбатында, «Әу баста осындай холдингті құруды Рахат пен Дариғаның адамдары ұсынған болатын. 2001-2002 жылдары. Ондағы мақсаттары – елдегі барлық телеарналарды, радиоларды, басылымдарды, интернет газеттерді бір қолда ұстау, бәріне қожа болу ниеті еді. Және, ендігі жерде бір мәселе бар. Холдинг құрылған соң, ақпарат министрлігі таратылу керек» деп айтыпты.

«Экспресс К» газетіндегі «Саммит мерейтойдың шеңберінде» деген мақала жарияланыпты. Мақала авторы Күлпаш Қоңырова, жақында ғана өткен Астананың 10 жылдық мерейтойына және президент Назарбаевтың туған күніне сегіз мемлекеттің басшылары Қазақстанға қонақ болып келгенін айтыпты.

«Время» басылымының сәрсенбі күнгі жарыққа шыққан санында, «Джоли менің дозорларымынң фанаты екен» деп аталатын мақалада, кинорежиссер Тимур Бекмамбетовпен болған сұхбат жарияланыпты. Мақалада, жақында ғана әлемдік прокатқа шыққан қазақстандық режиссердің Америкада түсірген «Аса қауіпті» деген фильмінің бірінші күні-ақ, 84,1 миллион доллар жинағаны баяндалыпты. Аталмыш фильмнің АҚШ, Ресей және басқа да көптеген мемлекеттерде лидерге айналғаны сөз болыпты. Сондай-ақ, мұндай жетістікке әлі бірде-бір қазақстандық кинорежиссердің қол жеткізбек түгілі, маңайына да жолай алмағаны хабарланыпты. Ал Тимур Бекмамбетовтың өзі болса, «Мен Ресейде кино түсіргім келеді. Маған қазір қызықтың барлығы Ресейде өтетіндей болып көрінеді. Бірақ, Қазақстан тарапынан да жақсы ұсыныстар түсіп және оны жүзеге асыруға мүмкіндіктер жасалатын болса, мен барлық ынтаммен осы іспен айналысар едім» деп айтыпты.
XS
SM
MD
LG