Accessibility links

Генерал Мәжренов абақтыда қаза болды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында ісі қаралып жатқан отставкадағы генерал-майор Жомарт Мәжренов шілденің сегізі күні өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болғанын қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі растап отыр. Ал осы салада көп жыл қызмет жасаған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кейбір мамандары ол абақтыда адамның өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін еместігін айтады.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз бөлімінің бастығы Кенжеболат Бекназаровтың айтуынша, қамауда отырған отставкадағы генерал-майор Жомарт Мәжренов өзіне-өзі қол жұмсап қаза болған.

- Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында шілденің сегізі күні генерал-майор Жомарт Рахымбекұлы Мәжренов асылып қайтыс болды. Ол 2001 жылдан бастап Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Арнайы ақпараттық қызметін басқарған және былтыр оның қарамағындағы ондаған адам ауыр қылмыстары үшін сотқа тартылған соң, ол 2007 жылы зейнетке шыққан болатын. Бірақ, тергеу барысында жаңадан анықталған мәселелерге байланысты генерал қылмыстық жауапқа тартылды. Сөйтіп, биыл маусым айында оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 2-тармағы, яғни ауыр салдарларға себеп болған билікті асыра пайдалану немесе әрекетсіздік таныту фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалып, айып тағылды. Оған ешқандай қысым жасалған жоқ. Ол іспен танысып, өзіне тағылған айыптарды толығымен мойындады, бірақ ол осындай қайғылы жолды өзіне таңдап алды, - деді Кенжеболат Бекназаров шілденің 9-ы күні «Азаттық» радиосына.

Бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет істеген, отставкадағы полковник Арат Нарманбетов марқұммен таныс болған адамдардың бірі:

- Мен ол кісіні танимын. Ол ерік-жігері өте күшті адам еді. Түсініксіздеу жағдай. Өзіне-өзі қол жұмсауға әдетте әлсіз кісілер барады ғой. Бірақ, бар өмірін комитетке арнаған адамның осылай өмірі зая болып отырса, әрине, достарының, жанұясының алдында арлануы, намыстануы да мүмкін ғой. Мен оның өзіне-өзі қол жұмсауын жоққа шығармаймын.

Әйткенмен Нарманбетов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында отырған адамның өз-өзіне қол жұмсады дегенге күмән білдіреді.

- Ол жерде ондай жағдай болуы еш мүмкін емес. Себебі, онда бақылау өте күшті, оған қоса, абақтыдағы адамдар еш уақытта жалғыз отырмайды. Мүмкін, соңғы уақытта жаңа ереже қабылдап, оның генералдығын ескеріп, жеке отырғызған шығар, білмеймін. Мен жұмыс істеген уақыттары ондағы абақтыда кем дегенде екі адамнан отыратын. Түсінбеймін, онда асылып өлетіндей төсек не басқа мүмкіндік жоқ, оның бәрі ескерілген, - дейді отставкадағы полковник.

Жасы 56-дағы отставкадағы генерал-майор Жомарт Мәжренов 1983 жылдан қауіпсіздік органдарында басшы қызметтер атқарған. Ал 2001 жылдан бастап Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арнайы ақпараттық қызметі» деп аталатын - байланыс, электронды ақпарат, интернет саласын бақылайтын – бөлімін басқарған. Кезінде Ресейдің бір сайты, осы қызмет Қазақстандағы билікке жағымсыз деп саналатын бірнеше интернет сайттардың жылдамдығын төмендету мақсатында «Болат» деп аталатын арнайы шара жүргізгенін хабарлап еді. Сол «Болат» бағдарламасын Ұлттық қомитет басшыларына негіздеген осы генерал-майор Жомарт Мажренов делінген ақпараттар жарияланғанымен, ресми органдар тарапынан оған ешқандай жауап болған жоқ.

Одан басқа генерал-майор Жомарт Мәжреновтың есімі электронды байланыс техникасына қатысты саланың бәрінде аталады. Мысалы, ол Қазақстанда кейінгі сайлауларда қолданылып жүрген, оппозицияның сынына ұшыраған «Сайлау» деп аталатын электронды дауыс беру жүйесін мемлекеттік қабылдау комиссиясының құрамында да болды.

Ал, былтыр Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке тиесілі деп саналатын интернет сайттарда Қазақстанның жоғары лауазымды билік басындағылардың телефонмен сөйлескен әңгімелері делінген әшкерелеуші аудиожазбалар жарияланған соң, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде генерал Мәжренов отставкаға жіберіліп, ол басқарып келген Арнайы ақпараттық қызметінде істеген 16 офицердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Биыл қаңтар айында олардың барлығы Ақмола әскери гарнизонында жабық жағдайда өткен сот үкімі бойынша ұзақ мерзімдерге сотталды.
XS
SM
MD
LG