Accessibility links

Саясаткер Әлихан Байменов экономикадағы ашықтық пен жариялылық жөнінде


- Соңғы 5-6 жылда Қазақстанның экономикасында, оның алдында оншақты жыл бойы жүргізілген негізгі бағытқа қарама-қайшы үдеріс бел алып келе жатыр. Ол үдеріс – экономикада, қаржы саясатында, қаржы ағымдарында мемлекеттік меншіктің көбеюі, үлесінің артуы. Бұл, негізі, экономикада жариялылық пен мөлдірлілік қамтамасыз етілмей тұрғанда, қауіпті құбылыс.

Себебі, біздегідей жемқорлық деңгейі асқынып, жариялылық пен мөлдірлілік қамтамасыз етілмей тұрған жағдайда, инвестициялық, қаржылық, мемлекеттік құрылымдардың мүмкіндіктерін жеке бас пайдасына пайдалану бел алып тұр. Оны көптеген ірі шенеуніктердің өмір сүру деңгейінен-ақ байқауға болады.

Қазір мысалы, «Маңғыстаумұнайгаздың» төңірегіндегі оқиға да осы үдерістің бір көрінісі. Бірақ, экономиканың басқа саласына қарағанда, жер асты қойнауының пайдалы қазбаларын сату арқылы, пайда көріп отырған компанияларға ерекше талап қойылу керек.

Бұл бизнес, басқа бизнес секілді өзінің еңбегі арқылы жаңа жол тапқан немесе халық тұтынатын тауарлар шығару емес, ата-бабамыздан қалған мұраны дайын күйінде бұрғылап сату. Оны дайын күйінде кімге беруді үкімет көбінесе жариялылықсыз шешкендіктен, бұл компанияларға жариялылық жөнінде ерекше талап қою керек еді.

Қазір міне «Қазақмыстың» да бір бөлігін үкімет сатып алды, одан соң «Қазақмыс» пен Еуразиялық топ бір-бірімен акцияларымен алмасты. Ал осы компаниялар кезінде көп жаңалық алып келген жоқ, түрлі себептермен біздің дайын тұрған зауыттарымызды меншіктеп алды.

Ендеше бірінші сұрақ: жалпы Қазақстанның кез келген азаматына, салық төлеушісіне осы компаниялардың шын иелері кім, олардың акционерлері кім? Осы сұраққа жауап алатынджай жария ақпарат көздері болу керек, ал оны үкімет қамтамасыз етуі қажет.
XS
SM
MD
LG