Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.07.2008 жыл


Жұма күні жарық көрген басылымдардың көпшілігінде Астанада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің абақтысында мезгілсіз дүниеден өткен отставкадағы генералға қатысты мақалалар жарияланыпты. Сондай-ақ, «Шаңырақ оқиғасының» екі жылдығы және таяуда Алматы облысындағы Малыбай ауылында болған кісі өліміне арналған мақалалар басылыпты.

«Республика» басылымында жарияланған Нұрахмет Кенжеевтің мақаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі арнайы ақпараттық қызметтің бұрынғы басшысы, отставкадағы генерал-майор Жомарт Мәжреновтың қаза тапқандығына байланысты сараптама жасалыныпты. Автор өз мақаласында 2001-2007 жылдар аралығында арнайы ақпараттық қызметті басқарған генерал Мажреновтың қарамағында істеген бірқатар қызметкерлердің, елдегі «лауазымы жоғары шенеуніктердің телефон әңгімелерін тыңдады және құпия мәліметтерді президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевке берді» деген айыптаумен ұзақ мерзімге сотталғандығын оқырмандардың есіне салыпты.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Мәжреновтың бюросының мәліметтерінің арқасында, белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісін өлтірген қылмыскерлер табылған. Мәжреновтың бюросының атқарған жұмысына әсіресе Рахат Әлиев қатты риза болған көрінеді.

«Новая газета» басылымында жарық көрген Аркадий Дубновтың «Қазақстандағы жаңа драма» деп аталатын мақаласында Мәжреновтың асылып өлгендігіне күдік келтіріліпті. Соңғы жылдардағы Қазақстандағы оқиғаларды сөз қылған мақала авторы, «мемлекетте болып жатқан оқиғаларды сипаттауға ұлы Шекспирдің де қаламының құдіретінің жетпеуі мүмкін» екендігін сөз қылып, Нұрсұлтан Назарбаевты жұрттың әйгілі король Лирмен салыстырып жүргендігін тілге тиек етіпті.

«Рахат Әлиевтің көлеңкесіндегі генералдық тұзақ». Бұл тақырыпқа назар аударған «Деловая неделя» басылымындағы Масұд Әлімовтың мақаласы осылай аталады. Бұл мәселенің мән-жайына тоқталған мақалада Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің өлімінен кейінгі оқиғадан соң Мәжренов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевтың араларындағы қарым-қатынастың қатты суып кеткендігі айтылыпты.

«Жас алаш» газетінің 11 шілде күнгі санында, журналист Руслан Ерболұлының «Шаңырақтағы» шайқастан кейін екі жыл» деп аталатын мақаласы жарық көріпті. Мақалада, бастапқыда «Бақайдан» басталған шайқастың осыдан екі жыл бұрын «Шаңырақта» жалғасын тапқандығы баяндалыпты. «Әр қазақ менің жалғызым» дейтін қазақтың бұл шайқаста бір-бірінің жағасын жыртқаны айтылыпты.

«Бұл шайқас еш жақысылыққа апармады. Бас жарылып, сүйек сынып, адам қаны төгілді. Күрке тауықтың қорасындай лашығын қорғауға әрекеттенген оншақты жігіт темір торға қамалды», деп жазады мақала авторы.

«Жаз қазақ» басылымында журналист Төлен Тілеубай Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Малыбай ауылында адам өлімі болған оқиғаға әлі күнге дейін билік басындағы шенеуніктердің үн қатпай отырғандығына тоқталыпты.

Мақалада өткен аптада «кішігірім кикілжің» деп қарастырылған оқиғаның шын мәнісінде «ұлтаралық қақтығыс» сипатына ие болып, жанжал отының тағы да бұрқ ете қалғандығы тілге тиек етіліпті.

«Теңіздегі толқудан, Шелектегі шекісуден, Маловодноедағы трагедиядан ешқандай сабақ алмаған билік жұмған аузын ашпай отыр», - деген мақала авторы, ұлтаралық мәселелерге үн қатуы тиіс Қазақстан халықтарының ассамблеясының да елең етпегенін атап өтіпті.

«Айқын» газеті экономикалық дағдарыс басталғалы елде кісі тонау, ұрлық-қарлық, қарақшылықтың қайтадан белең алғандығына назар аударыпты. Іргелес жатқан Жамбыл мен Алматы облысынан оңтүстік астанаға жұмыс іздеп келген жас жігіттердің жұмыс табылмағандықтан қарақшылықпен күн көре бастағандығы баяндалыпты. «Қарақшылар қайта бас көтере бастаған ба?» деп аталатын осы мақалада, өткен айдың басында кісі тонаумен айналысып жүргендердің қолынан зардап шеккен Түркия азаматынан арыз түскені сөз болыпты. Және полиция қызметкерлерінің жедел іздестіру шаралары барысында, күдіктілердің біреуінің ұсталып, одан шағымданған шетелдік азаматтың құжаты салынған сөмкенің табылғаны айтылыпты.
XS
SM
MD
LG