Accessibility links

Баспасөзге шолу. 15.07.2008 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылымдарда, өткен демалыс күндері жанар-жағармайдың бағасының он теңгеге қымбаттағаны және Ақтау қаласындағы университеттердің бірінде мыңға жуық студенттердің диплом ала алмай жүргені сөз болыпты.

«Жас Алаш» газетінде Перизат Әмірдің «Астана қаласының әкімі соттан қашып жүр ме?» деп аталатын мақаласы жарық көріпті. Мақалада, 2002 жылы саясаткер Зауреш Батталованың қалалық әкімдіктің «Бейбіт шеру, митинг, пикет өткізуді ұйымдастыру жөніндегі» үкімет қаулысын орындамай отырғанын мәселе етіп көтеріп, Астана қалалық мәслихатын сотқа бергені айтылыпты. Сот шешімімен митинг өткізуге Астана қаласынан екі орын белгіленсе де, ол әлі күнге дейін қағаз жүзінде қалып, із жүзінде орындалмай отыр екен. Сондықтан маусым мен шілдеде үлескерлер орталықта бейбіт шеруге шыға алмай, қаланың шетіндегі «Полянка» тұтынушылар кооперативінде жиын өткізуге мәжбүр болыпты. Мақала авторының айтуынша, Зәуреш Батталова митинг өткізуге рұқсат етпеген Астана қаласының әкімі мен қалалық әкімдіктің үстінен сотқа арыз түсіргенімен, екінші тараптың сотқа келмеуінен сот отырысы үш рет кейінге қалдырылыпты.

Ал, газеттегі редакциялық мақалада демалыс күндері бензин бағасының 10 теңгеге көтерілгені айтылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты жұмысының қысқа мерзімді күрделі жөндеуге байланысты тоқтап қалуы жанар-жағармайдың қымбаттауына әкеліп соқтырған.

«Ала жаздың ортасында бұл зауыттың осылай істен шығып қалатыны жылдағы әдет емес пе? Зауыттың демалысы бітіп, жұмысқа шықса да, жанар-жағармайдың бағасы енді арзандамайтыны бесенеден белгілі» дейді, мақала авторы.

«Айқын» газетінің 15 шілде күнгі санында, Ақтаудағы Каспий технологиялық университеті бакалавриатының 1000-ға тарта студентінің дипмломға қолы жеткізе алмай отырғаны баяндалыпты. Әзірше, үздік белгімен бітірген 126 түлек қолына диплом алғанымен, қалған 827 түлек күні бүгінге диплом ала алмай жүрген көрінеді.

Мақала авторы Гүлбаршын Айтжанбай қалыптасқан жағдайға байланысты түлектердің университет басшылары мен Білім және ғылым министрлігін кінәлап отырғанына тоқталыпты. Сондай-ақ, мақалада министрлікке тиесілі баспаханада түлектердің жоғары оқу орындарын бітіргендігін растайтын 40 мың дипломды басып шығаруға кеш тапсырма берілгендіктен, дипломның дайын үлгілерін қажет кезінде жарыққа шығарып үлгермей қалғаны да сөз болыпты.

«Егемен Қазақстан» басылымының сейсенбі күні жарыққа шыққан санындағы «Ынтымақтастыққа ықыластық» деген мақалада, кеше мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана әуежайында Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті Халифа Бен Заид Әл Нахаянды қарсы алғаны хабарланыпты. Бүгін екіжақты келіссөздер өтіп, онда саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастық мәселелерін талқылау жоспарланғаны сөз болыпты.

«Время» газетіндегі «Бұл істе керосиннің исі шығады» деп аталатын мақалада, Ресейдің премьер-министрі Владимир Путиннің Федералдық монополияға қарсы қызметтің басшыларына авиажанармай монополиялық жүйеде қала беретін болса, қызметтен босататындығын айтып, ескерткені баяндалыпты. Бұл тапсырманы осыдан екі ай бұрын Федералдық монополияға қарсы қызметке Минтрас пен Минэнергомен бірігіп шешуді вице-премьер Игор Сечиннің бергені баяндалыпты. Мақалада, Владимир Путиннің, монополияның мәселесін авиа және жанар-жағармай шығаратын компаниялармен ұзақ мерзімді келісім-шарт жасасу арқылы және әуежайдағы жанармай құятын стансаларды сату функциясынан айыру арқылы шешуге болатындығы жөнінде айтқан сөзі жазылыпты. Сондай-ақ, Ресейде жанар-жағармайға деген бағаның күрт өсуі, авиабилеттердің 20-30 пайызға қымбаттауына әсер еткені сөз болыпты.

«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында, Анна Гончарованың «Банкілік стоп-менеджмент» деп аталатын мақаласы жарық көріпті. Мақалада, Қазақстандағы кейбір ірі банктердің жүргізіп жатқан кадрлық саясатының қоғамда алаңдаушылық туғызып отырғаны хабарланыпты. Банктердегі топ-менеджерлік қызметке көп жағдайда Украина мен Ресейдің азаматтары қабылданып жатқаны айтылыпты. Және, «олар қанша жерден өз мамандығының мықты білгірі болғанымен, Қазақстанның дамуы туралы ойламайтын шығар» деп жазылыпты. Сондай-ақ, «біздің мемлекеттегі кіші және орта бизнес қаржыға зәру болып отырғанда, банктегі жоғары басшылар дос болса да, жақын болса да, шетелді инвестициялау туралы шешімдерді шығарып жатқаны» туралы баяндалыпты.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG