Accessibility links

Ресей Солженицынмен қоштасуда


Ресей, Александр Солженицын, сәуір, 2001 жыл
Ресей, Александр Солженицын, сәуір, 2001 жыл

Денесі Ғылым академиясының ғимаратына қойылған жазушымен қоштасып қалуға таңертеңнен-ақ адамдар көп жиналды. Александр Солженицын сәрсенбі күні Дон зиратына жерленеді.

Әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының иегері Александр Солженицын тамыздың 4-не қараған түні дүниеден өтті.
"Архипелаг ГУЛаг" ауторының қазасына байланысты әлем елдерінің жетекшілері қайғырып, көңіл білідіру жеделхаттарын жолдауда.
89 жасына қараған шағында қайтыс болған Солженицынның беті ашық табыты басында кірпік қақпай, сымдай тартылып, қалшиып тұрған әскерлерден бастап, үнсіз кіріп-шығып жатқандардың бәрі де ғасыр адамы атанған әйгілі де, даулы тұлғаны соңғы сапарға шығарып салып, қоштасып қалу рәсімін жасауда.
Солженицынның үлкен портреті мен Ресей мемлекетінің туы алдында тұрған жазушының жесірі Наталья мен оның ұлдарына көңіл білдірушілер легі де толастар емес.
Жазушының советтік тұтқындар лагері сындыра алмаған берік рухы мен денсаулығы соңғы жылдары әлсірей түскен болатын.
Солженицынның ұлы- Степан әкесінің Мәскеудің сыртындағы үйінде жүрек ауруынан қайтыс болғанын айтқан еді:
-Ол өзінің ылғи да солай болса ғой деп үміттеніп жүретініндей, кенеттен, бірден жүріп кетті. Ол ұзақ ауырып, ауруханада жатып қиналмасам екен деп тілейтін. Түн ортасына қарай ол үйде көз жұмды.
Солженицынның алғаш жазылып, кең тараған шығармасы- "Иван Денисовичтің бір күні" деп аталатын повесі аутордың саяси тұтқындар түрмесінде өткізген сегіз жыл өміріне негізделген.
1970 жылы Александр Солженицын әдебиеттегі үлесі үшін Нобель сыйлығымен марапатталды. Совет Одағына қайтып бара алмай қалармын деп қорыққан жазушы бұл сыйлықты алу үшін Стокгольмге барудан бас тартқан еді.
Ресей, А. Солженицын, маусым, 1994 жыл

"Иван Денисовичтің бір күнінен" кейін жазушы тынымсыз еңбек етіп, Советтік жүйенің зорлық-зомбылықтарын әшкерелеп, оған бар әлемнің көзін жетізуге тырысты.
1968 жылы шетел баспаларынан шыққан "Бірінші айналымда", "Қатерлі ісік корпусы" шығармаларынан кейін, 1973 жылы тағы да шетелде жарық көрген "Архипелаг ГУЛаг" сталиндік лагерлердің шынайы бет-бейнесін дерек-мәліметтермен берген бірнеше кітаптан тұратын көлемді роман болды. Сталиндік лагерде болған жылдары А. Солженицын Қазақстанның да дәм-тұзын татқан еді.
1974 жылы Александр Солженицын совет азаматы мәртебесінен айрылып, Советтер Одағынан қуылады. Оның жаңа ғана үйленген екінші әйелі Наталья ерімен бірге кетеді.
Ал 1974 жылы желтоқсан айында, марапатталған соң төрт жылдан кейін, А. Солженицын Нобель сыйлығын алады.
XS
SM
MD
LG