Жақын күндері Қазақстан үкіметі елден астық шығаруға бұған дейін салынған тыйымды өзгертуі мүмкін. Бұл туралы дүйсенбі күні өткен үкімет мәжілісінде премьер-министр Кәрім Мәсімов мәлімдеді, деп хабарлады Қазақпарат агенттігі. Премьер облыстарда жеткілікті қордың бар екендігіне және ішкі рыноктың зардап шекпейтініне көзі жетсе, онда астық экспортына салынған тыйымды алып тастауға шешім қабылдайтынын, ал егер әлгі айтылғандарға көңіл толмаса, онда тыйым күшінде қалатынын ескерткен.
Қазақстан өзіндегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биыл сәурідің 15-інен бастап қыркүйектің 1-іне дейін бидай экспортына уақытша тыйым салған болатын.