Алдағы күндері Шардара су қоймасынан Сырдария арнасына құйылатын су шекті мөлшерге дейін азаймақ, деп хабарлады «Қазақстан Бүгін» агенттігі. «Шардара ГЭС-і» акционерлік қоғамы қызметкерінің айтуынша, Қазақстан Ауылшаруашылығы министрілігінің Су ресурстары комитетінің өкіміне сәйкес, осы аптаның соңына дейін дария арнасына құйылатын су көлемі секундына 100 текше метрге дейін азайтылғалы отыр. Қазіргі уақытта Шардарадан өзенге секундына 250 текше метр су кетіп жатыр.
Бүгінгі таңда Шардара су қоймасындағы су көлемі 962 млн текше метрді құрайды, ал жобалық көлемі - 5 млрд 400 млн текше метр суға арналған. Шардараға су әкелетін «Достық» арнасына Өзбекстаннан секундына 60 текше метр су құйылады.