Accessibility links

Батыс басылымдары грузин сценариі Қазақстанда қайталануы мүмкін деп жазуда


Өткен жексенбі күні Ресей президенті Дмитрий Медведев телеарнадан берілген сұхбатында сыртқы саясатын жүргізудегі басты бес бағытын атап көрсетті.

Бұл мәлімдемені бағдарламалық тұжырымдама деп те есептеуге болады, өйткені Мәскеудің басым мүддесі бар аймақтарды Ресейдің бақылау құқы бар деген мәселе бірінші рет ашық айтылып отыр.
Бұған әрі таңданып, әрі мазасызданып қалған Батыс Медведевтің сөздерінен империялық өктемдікті іздеген сыңайлы
Дегенмен де еуропалық және батыстық мерзімді басылымдар Ресей президенті мәлімдемесінің мазмұнын емес, айтылу реңкін күтпеген кездейсоқтық деп бағалады.

Бұл жерде Ресей тарапынан бұрынғы советтік территорияларды қатаң бақылауға алу туралы ашық түрде жариялануын жаңалық деп есептеуге болады.
Медведев өз көршілеріне сендерде екі ақ жол бар: не Ресеймен дос боласың, не одан қорқып, бұғып отыратын боласың дегенді анық аңғартты.
Ресей президентінің мәлімдемесіндегі осындай астарларды тарқата келіп, батыстық басылымдарда жарық көрген мақалалар ауторлары грузин сценариі постсоветтік кеңістіктегі басқа елдерде, оның ішінде Қазақстанда да оған лайықталып, қайталануы мүмкін деген ойды ортаға салады.

Британдық Guardian Оңтүстік Осетия мен Абхазия үлгісі бойынша славяндықтар басым тұратын Қазақстанның солтүстік аймақтарының тәуелсіздігінің жариялану мүмкіндігі жайында қиялдап, бал ашса, американдық Newsweek апталығы Әзірбайжан, Қазақстан немесе Украинаға қатысты әскери күш қолдану мүмкіндігі жайында болжам жасайды.

Ал британдық беделді Financial Times газеті Дмитрий Медведевтің Ресейдің басты мүдделері бар аймақтар туралы мәлімдемесі көршілес елдерде, әсіресе орыстар көп тұратын аймақтарда, саяси температураны қыздырып жіберуі мүмкін деп есептейді.

Медведев Ресей көз тігіп, ықпалын жүргізгісі келіп отырған аймақтардың нақты атын атап, түсін түстеп айтпаса да, американдық The Trumpet басылымы "Ресейдің ықпал аймағы Қазақстанды да қамтитынына" күмән келтірмейді.

Тақырыпқа алда кеңірек тоқталатын боламыз.

XS
SM
MD
LG