Accessibility links

Баспасөзге шолу 03.09.2008 ж.


Сәрсенбілік басылымдарда Парламенттің екінші сессиясының ашылуына қатысқан Президент Назарбаевтың ішкі саяси мәселелерге байланысты мәлімдеме жасағаны және Оңтүстік Осетияда болған соғыс салдарына арналған мақалаларға орын беріліпті.

«Айқын» газетіндегі «Еңсені көтерген әңгіме» деген редакциялық мақалада Парламенттің ІІ сессиясын ашардағы Президенттің сөйлеген сөзі сарапқа салыныпты. Аталмыш мақалада Кавказда туындаған жанжалға, Парламент сайлауы секілді саяси мәселелерге қатысты президенттің айтқан пікірлері мысалға келтіріліпті. Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев "ұятсыз құрылысшылардың кесірінен" зардап шеккен үлескерлерді қорғау мақсатында қосымша 17,2 миллиард теңге бөлінгендігін хабарлаған. Мемлекет басшысы бұл қаржының үлескерлерді алдап кеткен құрылысшылардың есебінен өндіретілетінін ескертіпті.

Сондай-ақ мақала авторы Үкіметпен арадағы қарым-қатынасты одан әрі жақсарту үшін «Нұр Отан» партиясына міндеттердің жүктелгенін сөз қылыпты.

Бұл тақырыпқа «Тасжарған» газетінде Жұмабике Жүнісова да айрықша тоқталыпты. Президент Н.Назарбаевтың Парламент Мәжілісі сайлауының 2012 жылы өтетіндігін айтып, оны таратуға негіз жоқ екендігін ескерткендігі тілге тиек етіліпті. Мемлекет басшысы парламентке елдегі саяси жүйені демократияландыру бағдарламасынан туындайтын нақты заңдарды қабылдау міндетін жүктеген. «Халықаралық және қазақстандық сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, «Сайлау туралы» заң жетіледі. Бұқаралық ақпарат құралдары кеңістігінде бейтараптық ахуалды қалыптастыру маңызды мәселелердің бірі болмақ. Сөйтіп, таяу уақытта Парламент қарауына «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және басқа да Конституциялық заңдарға түзетулер мен толықтырулар енгізілетін болады» дейді мақала авторы.

Ал «Жас Алаш» газетіндегі Шадияр Өстемірұлының мақаласында, Кавказда туындаған қақтығыстың Еуроодаққа да, ШЫҰ елдеріне де қажетсіз жанжал екендігі айтылыпты. Мақала авторы ШЫҰ-на мүше елдердің Ресейді жақтап, Батысты айыптаған сыңай танытқанымен, Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігі мәселесіне келгенде Ресейдің ырқына жығыла кетпегендігіне айрықша назар аударыпты. Мақаланың соңында автор бұл қақтығыстың Қазақстанға да оңайға соқпайтынына түйін жасап, Ақорданың көпвекторлы саясатының күйрегендігі туралы болжам айтыпты.

Бұл тақырып «Время» газетінің да назарынан тыс қалмапты. Онда бұл мәселеге байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламенттің екінші сессиясының ашылуында айтқан сөздері беріліпті.
XS
SM
MD
LG