Accessibility links

Туберкулез көше кезіп жүр


Петропавлдағы туберкулез дертін емдеу диспансері. 29 қыркүйек 2008 ж.
Петропавлдағы туберкулез дертін емдеу диспансері. 29 қыркүйек 2008 ж.

Солтүстік Қазақстан туберкулезден көз жұматындар жағынан елде алдыңғы орында да, ауыратындарды оқшаулауда ең соңында. Президентке шағымданғаны үшін сырқаттарды тубдиспансерден шығарып та жібереді.

Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері бас дәрігерінің бүгінде басы істі болған орынбасары Раиса Құсайынованы қолдап, ел Президентіне хат жазған 80 сырқаттың біразы аурухана басшылығының қаһарына ілікті. Атап айтқанда, шағымға бірінші болып қол қойған Юрий Нетесов, Денис Гаммер, Сәуле Какенова, Алексей Логиновтар мүшкіл жағдайларына қарамастан, ауруханадан шығарылып жіберілді. Олар өздерінің денсаулық сақтауға деген конституциялық құқығының бұзылғанын айтып, түрлі орындарға шағымданғаннан кейін ғана ауруханаға қайта жатқызылды. Бірақ сол екі ортада 30 жасар Денис Гаммердің денсаулығы мүлдем нашарлап, көз жұмды. Енді оның ата-анасы ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлап, сотқа бермекші.

Сот демекші, осы теке-тірестің бәрі бас дәрігердің орынбасары Раиса Құсайынова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Наталья Воронцованың соттасуынан басталды.

Осыдан үш жыл бұрын тубдиспансер дәрігерлері сол кездегі президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевқа еңбекақыларын көбейтуді, еңбек демалысын ұлғайтуды, жәрдемақы төлеуді, жеке автобус бөлуді және басқа да жеңілдіктер сұрап, хат жазған. Бірақ ол хаттарына жауап болмаған соң, араға бір жыл салып, президентке тағы да жазады. Бұл жолы аурухананың 251 қызметкері қол қойған хатта жыл сайын өз араларында туберкулездің таралуы көбейіп бара жатқаны да айтылған еді. (2004-2006 жылдар аралығында туберкулезге шалдыққан аурухана қызметкерлерінің саны үшеуден 15-ке дейін жеткен).

Шағымға бірінші болып қол қойған бас дәрігердің орынбасары Раиса Құсайынова осыдан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының қудалауына ұшырады. Жұмыстан өз еркімен кетуі туралы өтініші аяқсыз қалған соң, тырнақ астынан кір іздегендер түрлі тесксерістер жүргізіп, оған біресе ескерту, біресе сөгіс жариялап, күн көрсетпей қойған. Бұл теперішке шыдамаған Раиса Құсайынова өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, тағы да президентке шағымданады.

Бұл жолы ол Наталья Воронцова туберкулезбен емес, фтизиатрлық қызметпен күресіп отырғанын, оның мекемесінде парақорлық қанат жайғанын, мемлекеттік сатып алулардағы заңсыздықтарды, өзі мемлекеттік қызметшінің Ар-намыс кодексінің талаптарына сай еместігіне дейін жазған.

Осыдан кейін тіпті қаһарына мінген Наталья Воронцова жала жапты деп, оны сотқа береді. 7 айға созылған сот жуырда аяқталып, ақыры Раиса Құсайынованы айыптап тынды. Бас дәрігердің орынбасары 6 айға түзету жұмыстарына кесіліп, еңбекақысының 10 пайызын мемлекетке төлейтін болды. Жаза шартты түрде 1 жылға белгіленді.

«Әділ сөз» қорының облыстағы өкілі Зәуре Жұмалиева: «Мұның бәрі адамды қорлап, намысына тию үшін әдейі ұйымдастырылған. Сотқа жоғары жақтан сондай нұсқау берілген болуы мүмкін. Айыпталушы өзінің шағымындағы әрбір сөзіне дәлел келтірген болатын. Меніңше, бұл істі облыстан тысқары шығару керек» дейді.

Раиса Құсайынованың адвокаты Елена Игнатенко: «Менің қорғалушым бар болғаны өзінің конституциялық құқығын жүзеге асырды. Президентке шағымдануға тыйым салынбаған. Оның үстіне сол үшін адамды жауапқа тартуға болмайтынын Жоғарғы Соттың өзі айтқан. Тіпті шағымда келтірілген деректер дәлелденбесе де делінгенімен, бізде, керісінше, деректердің бәрі дерлік дәлелденді. Денсаулық сақтау басқармасында мемлекеттік сатып алу, тендер өткізу шарттары бұзылғанын, 40 миллион теңгенің жымқырылғанын тәртіптік кеңес те, ревизорлар да анықтап берді. Соның бәріне сот көз жұма салғаны түсініксіз. Сондықтан біз мұнымен тоқтамаймыз» дейді.

Раиса Құсайынова бұл күндері республикалық қаржылық бақылау агенттігінен, қаржы полициясынан, денсаулық сақтау министрлігінен, «Нұр Отан» партиясынан, парламент мәжілісінен, адамдар құқығын қорғау бюросынан жауап күтіп отыр. Жоғарғы сотқа да жазбақшы.

Новосібір медицина институтын бітіргеннен кейін өз елінде учаскелік фтизиатрдан бас дәрігердің орынбасарлығына дейін жоғарылаған, 1-ші дәрежелі рентгенолог, аурулардың сүйікті дәрігері Раиса Ермекқызы қазір тым болмаса 8 және 10 жасар екі ұлының болашағы үшін ақталып шығуға тырысуда.

Наталья Воронцованың адвокаты Алма Көшекова бұл іс туралы түсінік беруден бас тартты. Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Азамат Мағзұмов: «Раиса Құсайынованы орнынан алу керек, барлық мәселе сонда шешіледі» деді.

Екі ортада оны жақтаған сырқаттар мен медбикелер зардап шегіп отыр. Екі медбике сотта Раиса Құсайынованы жақтағандары үшін жұмыстан қуылып, екі жарым айдан соң сот арқылы қайта қабылданды.

Қазір Солтүстік Қазақстан облысында туберкулезден өлім-жітім көрсеткіші республикалық орташа көрсеткіштен 1, 5 есе жоғары.

XS
SM
MD
LG