Accessibility links

Райстың Астанадағы келіссөздерінде Ресейдің көлеңкесі көлбеп тұрды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс пен Қазақстан сыртқы істер министрі Марат Тәжин,Вашингтон, мамыр, 2007 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс пен Қазақстан сыртқы істер министрі Марат Тәжин,Вашингтон, мамыр, 2007 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Қазақстанға бір күндік сапармен жексенбі күні келді. Астана әуежайында АҚШ мемлекеттік хатшысын Қазақстан сыртқы істер вице-министрі Қайрат Сарыбай қарсы алды.

Өткен аптада Қазақстан басшыларына Кавказдағы жанжалға байланысты "Қазақстан өзінің Ресеймен қарым-қатынасын қайта қарамай ма?" деген сауал шетелдік журналистер тарапынан бірнеше рет қойылды. Ол сауалдардың қай-қайсысына да Қазақстан Президенті де, Сыртқы істер министрі де Кавказ дағдарысы Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағыттарына әсер етпейді деген тұрғыдағы жауаптар берді.

Астанада Кондолиза Райс Қазақстан сыртқы істер министрі Марат Тәжинмен кездесіп, соңынан олар жергілікті және шетелдік журналистерге арнап бірлескен баспасөз-мәслихатын өткізді.
Қазақстан сыртқы істер министрі Марат Тәжин Кавказдағы оқиғалар Қазақстанның сыртқы саясаттағы бағытын өзгерте алмайды, Ресеймен де, АҚШ-пен де Қазақстан қарым-қатынастары өте тұрақты дамып келеді және болашағы жақсы деп атап көрсетті. Оның айтуынша, Ресей Қазақстанның стратегиялық әріптесі болып қала береді.

Өз кезегінде Кондолиза Райс АҚШ Қазақстан үшін аймақтағы басқа елдермен бәсекелестікке бармайды дей келе, Құрама Штаттары энергетика саласында Қазақстанмен қарым-қатынастарын дамыта береді және бұл орайда Қазақстан көршілерінің мүдделеріне қысым жасамауға тырысады деп айтты.
Қазақстан Сыртқы істер мекемесінің жетекшісі алдағы уақытта да АҚШ пен Қазақстанның энергетика саласындағы қарым-қатынастары осыған дейін жасалған жоспар мен келісімшарттарға сәйкес дами береді деп атап көрсетті.

Жексенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен, премьер-министр Кәрім Мәсімовпен де келіссөздер өткізді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы ел басшыларымен 2010 жылы ЕҚЫҰ-на Қазақстанның төрағалық етуі, осы бағыттағы міндетттер турасында да пікір алысуға мүмкіндік болды деп атап көрсетті.

XS
SM
MD
LG