Accessibility links

Қызылжарда картоп қымбат


Бағасы удай қымбат картоп, Петропавлоскі жәрмеңкесінде, қазан 2008 жыл
Бағасы удай қымбат картоп, Петропавлоскі жәрмеңкесінде, қазан 2008 жыл

Солтүстік Қазақстан облысында биыл картоп шығымдылығы өте нашар. Жылдағыдан екі есе төмен. Соның салдарынан картоп бағасы былтырғыдан екі есе қымбат.

Тұрғындардың күзде картоп бағасы арзандар деген үміті биыл ақталмады. Былтыр осы уақытта екінші нан аталған көкөніс 35-40 теңге тұрса, биыл екі есе қымбат. Бөлшек саудада картоптың келісі 100 теңгеге дейін барады.
Дегенмен, дәл кезеңінде осындай бағамен сатылып жатқан картоп қысқа қарай одан сайын қымбаттап кетер деп алаңдаған тұрғындар бәрібір оны талап алып жатыр.
Зейнеткер Ольга Бобылева:
«Картоп бағасының осыншалықты қымбаттағанын осы күнге дейін көрмеппін. Ал қыстыгүні қалай болар екен? Сондықтан қазір сатып алған дұрыс. Арзанырақ түсуі үшін қаппен алуға тырысамын. Бірақ көп алсам, сақтайтын жерім тағы жоқ», - дейді.
Көтерме сауда базарының басқармасы Шәміл Шәкіров:
«Картоп бағасын тұрақтандыру үшін күн сайын Павлодар мен Қарағандыдан 2 машина картоп сатып аламыз» дейді.
Қазан айында сататынын сатып, қалғанын қоймаға салатын шаруашылықтар әлі алқап басында. Жиын-терімі тағы жауын-шашын салдарынан екі-үш аптаға кешігіп жатыр. Картоптың сапасы көңілден шыққанымен, шығымдылығы төмен.
Кәсіпкер Александр Старинов:
«Шілдеде, картоп бағасы гүлдеген кезде жаңбыр жауған жоқ. Ортанқол шаруашылықтар алқаптарын суару үшін арнайы техника жалдай алмайды және су құбырын да тартып алуға қауқарсыз. Былтыр әр гектардан орташа 250 центнерден өнім алдық, биыл сексеннен де аспайды» дейді.
Қаппен қаптап тұрғанымен, бағасын қалта көтермейді. Петропавловск, қазан, 2008 жыл


Жуырда ҚазАқпарат Ресейдің Кемеров облысындағы Мариинск қаласында картопқа ескерткіш қойылғанын хабарлады. Мұнда 1942 жылы бір гектардан 1331 центнерден картоп жиналып, рекорд орнатылған екен. Солтүстік Қазақстандағы биылғы көрсеткіш, әрине, мұнымен салыстыруға де келмейді.
Мамлют аудандық ауылшаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары Василий Лисичкин:
«Біз қазір апта сайын облыс орталығына ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне барып жүрміз. Картопты сонда апарып 60-80 теңгеден сатамыз. Ауыл өзін толық қамтамасыз етеді, бірақ саудаға шығаратын көкөніс аз. Біздің апарғанымызды делдалдардың талап алып, қымбатқа сатып жүргенін де көреміз» дейді.

Биыл солтүстік облыстарға алғаш рет көкөніс өсіруге мемлекеттен жәрдемақы берілді. Әр гектарына 12 мың теңгеден. Сондай-ақ, облыс картоп алқаптарын 20 пайызға ұлғайтты. 200-220 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Бірақ, мұның өзі – жылдағыдан екі есе аз.
Облыстық ауылшаруашығы басқармасы бастығының орынбасары Қуандық Тінеев:
«Биыл коммуналдық базарға көкөніс қоймасы сатып алынды. Қазір облыс шаруашылықтарымен, оңтүстік облыстармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Картоптың шығымдылығы аз болғанымен, облыс қажеттілігінен үш есе артық өнім жинаймыз деп отырмыз. Келесі жылы көкөніс алқаптарын тағы ұлғайтуды қарастырып жатырмыз» деді.
XS
SM
MD
LG