Accessibility links

Аслан Мусиннің жаңа қызметі - сайлау нышаны ма?


Президент әкімшілігінің жаңа басшысы Аслан Мусин. Астана,13 қазан, 2008 жыл.
Президент әкімшілігінің жаңа басшысы Аслан Мусин. Астана,13 қазан, 2008 жыл.

Парламенттің төменгі палатасы - Мәжіліс спикері Аслан Мусин Президент әкімшілігінің жетекшілігіне тағайындалды. Оның Ақтөбе және Атырау облыстарындағы әкімдік қызметі тұсында оппозиция жаппай репрессияға душар болған еді.

Белгілі саясаткер Ғазиз Алдамжаров Аслан Мусинді сайлау өткізудің “маманы” деп есептейді және оның пікірінше, Мусиннің президент әкімшілігіне жетекші болып тағайындалуы – кезектен тыс сайлау өтетінін аңғартады.
Оппозициялық саясаткер Жұмабай Доспанов Аслан Мусинді Ақорданың саяси тапсырысы бойынша демократиялық оппозицияны қудалауда алдында жан салмады дейді.

Осылайша, саясаттанушылар Ақордадағы бірқатар жаңа тағайындау кезектен тыс сайлаудың өтетінін аңғартады деп есептейді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы бойынша, Парламент Мәжілісінің спикері болып келген Аслан Мусин президент әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалды. Ол туралы мемлекет басшысы дүйсенбі күні үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде хабарлады. Президент әкімшілігін басқарып келген Қайрат Келімбетов “Самұрық-Қазына” Ұлттың игілік қоры басқармасының төрағасы болып тағайындалды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің тағы бір Жарлығымен мемлекеттік “Самұрық” холдингі мен “Қазына” тұрақты даму қорын біріктіріп, жаңа холдингтің директорлар Кеңесін басқаруды премьер-министр Кәрім Мәсімовке жүктеді.

Әлемдік қаржы дағдарысына төтеп беру шаралары мәселесіне арналған үкімет мәжілісінде Н.Назарбаев 2009-2010 жылдардағы тұрақтандыру шараларына бөлінетін 10 млрд. доллар қаржының 5 млрд. доллары жаңа холдингті капиталдандыруға бағытталатынын мәлімдеді.

“Басқа жұмысқа ауысуына байланысты Әділбек Жақсыбеков “Нұр Отан” партиясы төрағасының орынбасары лауазымынан босатылып, ол қызметке президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болған Дархан Қалетаев тағайындалса, бұрын Павлодар облысын басқарған Қайрат Нұрпейісов – оның орынбасары болып белгіленді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа тағайындауларының ішінен Аслан Мусиннің президент әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалуы ерекше назар аудартып отыр.

Кезінде Атырау облысын басқарған, Қазақстанның Беларусьтегі бұрынғы елшісі, қазір Қазақстан компартиясының қатарына қайта қосылған Ғазиз Алдамжаров Аслан Мусинді “сайлау өткізудің үлкен маманы” деп бағалайды:

- Аслан Мусин сайлау өткізудің “маманы”. Мен оны совет кезінен білемін. Ол совет дәуірінде Атырау облыстық коммунистік партия комитетінің нұсқаушысы болды. Сол кезде-ақ Мусин сайлау мәселелерімен айналысатын.

Сайлау кезінде президент Аслан Мусиннің қолынан келетін осы “өнерін” кең пайдаланбақшы. А.Мусин жүрген жерде билікке қажетсіз тұлғалар жеңіске жете алмайды.

Соған қарағанда, сайлау жақындап қалған болса керек. А.Мусиннің президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалуы сайлаудың жақындап қалғанының бір нышаны ма деп ойлаймын.
Өйткені, қайда және қандай қызмет істемесін, саяси оппозициямен күресу, оппозицияға берілген дауыстарды ұрлау, сайлаудың нәтижелерін биліктің пайдасына қарай бұрмалау Аслан Мусиннің қолынан жақсы келеді.

Егер Конституция бойынша, Қазақстанда Мәжілістің төрағасы – мемлекеттің үшінші басшысы болса, бізде Ата заңды көп елемейді, құрметтемейді ғой, шындығына келгенде президент әкімшілігінің жетекшісі, іс жүзінде, де-факто, мемлекет басшысынан кейінгі екінші тұлға болып табылады. Сондықтан да бүгін Аслан Мусиннің қуанатын күні.

Алдамжаровтың мәлімдеуінше, “Атырау облысында 4.5 жыл әкім болып отырған кезінде Аслан Мусин ешқандай игі іс атқарған жоқ... Теңіз кенішіндегі мұнаймен шығатын күкірт қазір 12 млн. тоннаға жетіп, жергілікті халықты түгел ауруға айналдырып, ашық аспан астында қалды. Бұл проблеманы А.Мусин шешкен жоқ. Ол Атырауды басқарған жылдары өңірді аралап көрген емес, жұрттың көзіне көрінбей кабинетінде отырып, ақыры көзге түспей кетті...”

Атырау өңіріндегі белгілі оппозициялық саясаткер Жұмабай Доспанов та Аслан Мусиннің жаңа қызметке тағайындалуын сайлаудың белгісі деп есептейді.

- Аслан Мусин 2002 жылдың сәуірінен 2006 жылдың қарашасына дейін Атырау облысының әкімі болды. Одан бұрын 6 жылдай Ақтөбе облысын да басқарды.

Оның экономиканы басқару қабілетіне, жалпы менеджерлік білгірлігіне қатысты ештеңе айта алмаймын. Ал орталық биліктің, Ақорданың саяси тапсырысын орындауда Аслам Мусин алдына жан салмады. Мысалға, нәтижесі алдын-ала белгіленген сайлау өткізу, басқа бір саяси науқан ұйымдастыру немесе демократиялық оппозицияны қысымға алу сияқты саяси тапсырыстарды Мусин бұлжытпай орындап келді.

Менің үстемнен 2 рет қылмыстық іс қозғады. Полицейлер менің 6 және 12 жастағы 2 баламды соққыға жығып, бастарын жарып, компьютерімді алып кетті.

Саяси үзеңгілесім, Исатай аудандық маслихатының бұрынғы депутаты, аумақ әкімі болған Сағынғали Қапизов 53 тәулікке абақтыға қамалды, оның командасындағы тұлғалар оппозиция белсенділерін қорқытты, үркітті, қудалады.

Ал енді ол президент әкімшілігінің жетекшісі болып тағайындалса, менің ойымша, онда тағы бір сайлау өтетін сияқты. Егер бұл сайлауда Атыраудағы іс-әрекетін қайталаса, ол тарихтың алдында жауап беруге тиіс деп ойлаймын.

Жоғарыда Ғазиз Алдамжаров атап көрсеткендей, Ата заң бойынша Парламент Мәжілісінің төрағасы – мемлекеттік биліктегі үшінші тұлға. Ал тағы да Конституция бойынша, Аслан Мусиннің Мәжіліс спикерінен президент әкімшілігінің жетекшісі лауазымына дейін “төмендетілуі” – іс жүзінде оны президенттен кейінгі екінші саяси тұлға етеді.

Мәжілістің төрағасы болып осы лауазымда А.Мусинге дейін отырған Орал Мұхамеджанов қайта сайланды.

Ал “Нұр Отан” партиясы төрағасының орынбасары қызметінен босатылған Әділбек Жақсыбековке келсек, оның келешек тағдыры да жұрт назарында. Қайрат Келімбетовке дейін президент әкімшілігін басқарған Жақсыбеков соңғы кезде, оның телефон әңгімелері делінген телефон сөйлесулері таспаға жазылып, интернетте жарияланған материалдардың басты кейіпкері болды. Ол материалдарда Әділбек мырза "қуыршақ" оппозициямен ойнайды.

Интернетке шыққан “әшкере” материалдардың бірінде Ә.Жақсыбеков өткен жылы жоғалған 2 банкирдің қайда жүргенін білетін жоғары лауазымды шенеунеуктің бірі ретінде аталады. Азаттыққа берген сұхбатында Рахат Әлиев Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың жоғалуына іс жүзінде Жақсыбековтің қатысы бар деп мәлімдеді.

Әділбек Жақсыбеков саясатқа кәсіпкерліктен келді. Саясатқа дейін ол “Цесна” бизнес-империясын құрып үлгерген.

Сіздер қалай ойлайсыздар, Қазақстанда мерзімінен бұрын Парламент сайлауы өтуі мүмкін бе?

XS
SM
MD
LG