Осы аптада Алматы қаласындағы бірнеше оқу орнының 8000 студенті қол қойған ашық хат Мемлекет басшысының атына жолданбақ. Бұл туралы Азаттыққа ашық хаттың авторы — Мұхтар Шаханов атындағы «Рух пен Тіл» клубының баспасөз қызметі хабарлады.
«Студенттер проблемасын шешу Сіздің қолыңызда, Президент мырза!» деген атаумен дайындалған хатта студенттер жатақханаларда орынның жетіспеуі, мәселен С.Асфендияров атындағы медицина университетінде жоғарғы курс студенттерінің «4» пен «5-ке» оқитындарына ғана жатақхана берілетіндігі, айлық шәкіртақының инфляция деңгейіне сай еместігі, оқу орындарында сөз бостандығы мен пікір алуандығының ескерілмеуі, оқу ақысының қымбаттығы туралы мәселелерді баса көрсеткен.