Алматыда «Алты Алаш» атты республикалық қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық жаңа апталық газет жарық көрді. Бұл туралы Азаттық тілшісіне аталмыш басылымның бас редакторы Ержан Байтілес хабарлады.
- «Алты Алаш» деп аты айтып тұрғандай, бұл ешкімді алаламайтын, Алаш жұртына ортақ басылым болса деп отырмыз. Мақсатымыз — Қазақстанның ақпараттық кеңістігін сәл де болса кеңіте беру, мұратымыз — Алаш арыстарының ұстанған бағытын жалғастыру. Қазақстанға ақпараттық-танымдық басылым да, ағартушылық сипаттағы газет те көптік етпейді ғой, қалай болғанда да БАҚ бәсекесінде бақ сынап көргіміз келіп отыр. Мақсатымыз да, бағытымыз да айқын. Кеңес үкіметінің шеңберінен шыққанымызға көп бола қойған жоқ, бірақ тәуелсіздік психологиясы қалыптасуы керек. «Алты Алаш» жас азаматтардың санасына тәуелсіздік психологиясын сіңірсе, басылым миссиясының бір парасы орындалды деп білер едік, — деді Е.Байтілес.