Бүгін Алматыдағы «Базис А» құрылыс компаниясының кеңсесіне талаппен келген Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың бір тобы және оппозициялық «Азат» партиясының өкілдерін компания басшысы Александр Белович қабылдады. Кездесуге келгендер компания басшылығына қаладағы Республика алаңын қалпына келтіру туралы жұртшылықтың талабын жеткізді.
Александр Белович компания алаңның астындағы құрылыс жобасының бастапқы қалпын өзгертіп, жерастынан автотұрақ және қоғамдық орындар ашуды көздейтін жаңа жобаны қаңтар айының аяғына дейін қала әкімшілігіне ұсынбақшы екенін хабарлады.
Егер жоба билік тарапынан қолдау тапса, онда ақпан айынан құрылыс жұмыстарын жалғастырамыз, деді Белович.
Кездесуге келгендер 1986 жылы Желтоқсан көтерлісі болған алаңның тарихи маңызы барын, ондағы құрылысты саларда қоғам пікірін ескеруді айтып, тарқасты.