БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі Израилдің Газа аймағындағы әуе шабуылдарына байланысты бүгін кезектен тыс сессиясын өткізді. Ол шабуылдар кесірінен 271 палестиналық қаза болып, бірнеше жүздегені жараланған, дейді Палестина ресмилері. Қауіпсіздік кеңесі өз мәлімдемесінде Израилді әскери әрекеттерін, ал палестиналықтарды зымыран атуларын тоқтатуға шақырды. Кеңес атыстардың тез арада тоқтатылуына шақырды. Екінші күн жалғасып жатқан бұл шабуылдар барысында Израиль әскери ұшақтары Газа қаласындағы бір мешітті және Хамас тобының әл-Ақса телебекетін қиратқан. Израиль ұшақтары бүгінгі жалғаса түскен шабуылдарында кем дегенде тағы 6 адамды өлтірді дейді хабарлар. Израиль бұл әрекеттері себебін палестиналықтардың зымыран атуымен байланыстыруда.