Accessibility links

Қазақстан да өз тарапынан Газадағы жағдайдың реттелуіне ықпал етуі керек дейді сарапшылар


Газаның оңтүстігіндегі Рафа әуе шабуылынан кейін түтінге тұншықты. 5 қаңтар 2009 жыл.
Газаның оңтүстігіндегі Рафа әуе шабуылынан кейін түтінге тұншықты. 5 қаңтар 2009 жыл.

Таяу Шығыстағы жағдай ғаламдық дағдарыс мәселесі, сондықтан да оны реттеуден ешкім де қалыс қалмауы тиіс деп есептейді қазақстандықтар. Осы күндері соғыс аймағынан 5 баласымен бірге екі Қазақстан азаматшасы шығарылды.

Сейсенбі күні ҚР-сының Сыртқы істер министрлігі Газадағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады.

«Қазақстан Республикасы бейбіт тұрғындардың қаза табуы мен зардап шегуіне, сондай-ақ, Палестинадағы гуманитарлық жағдайдың нашарлауына душар қылған Газа секторында орын алған соңғы оқиғаларға байланысты терең алаңдаушылығы мен өкінішін білдіреді.
Қазақстан саяси құралдар арқылы жағдайдың тез арада ретке келтірілуін қалайды және тараптарды мәселені күш қолдану жолымен шешуден бас тартуға шақырады. Бейбіт үдерістің түпкі мақсатына тек диалог және келіссөздер арқылы жету мүмкін болмақ»
деп жазылған мәлімдемеде.

Министрліктің мәліметі бойынша, қазіргі таңда Газа секторы аумағында 15 қазақстандық бар. Өткен аптада ол жақтан 5 баласымен бірге екі азаматша эвакуацияланған болатын. Олар палестин-израиль шекарасындағы «Эрец» бақылау- өткізу пунктінен өтіп, қазақстандық дипломаттардың жетекшілігімен иордан-израиль шекарасына жеткен. Онан әрі Ресейдің Төтенше жағдай министрлігінің ұшағымен өзге де ТМД елдерінің азаматтарымен бірге Мәскеуге ұшып келіпті.

«Алғашында бұдан көбірек отандастарымызды эвакуациялауды жоспарлаған едік, бірақ кейін олар Газа секторы аумағын тастап кетуден бас тартты. Алайда олар көмек сұраса, біздің дипломаттар қолдан келген әрекетті жасауға дайын»,- дейді СІМ-нің баспасөз қызметінің жетекшісі Ілияс Омаров.

Саясаттанушы Сейфолла Сапанов Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталған Таяу Шығыстағы қақтығыстың соңғы уақытта аймақтық шеңберден асып, ықпалының артып отырғанын атап көрсетеді.

- Өйткені, бұл дағдарысқа қатысушы мемлекеттер саны артты. Сондықтан ол ғаламдық дағдарыс болып есептеледі. Таяу Шығыстағы тұрақтылықтың Еуропаға болсын, АҚШ-қа болсын, Таяу Шығыстың өзіне болсын, Орталық Азияға болсын әсері бар. Геосаяси тұрғыдан бізге қандай қатысы бар десек, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөнінде кеңес бар. Оған Палестина да, Израиль де мүше. Осы диалогтың жүзеге асуына оның әрине, кері әсері бар.

Дегенмен саясаттанушылар бұл тұрғыда Таяу Шығыстағы жағдайдың Қазақстанға әсері жөнінде ғана айтып қоймай, өз кезегінде Қазақстанның оған ықпал ету төңірегінде де пікір білдіреді.

Саясаттанушы Берік Әбдіғалиевтың ойынша, діндер арасында диалог орнатуға тырысып, дәстүрлі және дәстүрлі емес діндер өкілдерінің басын қосып жүрген Қазақстанның алдында да бұл орайда міндет бар көрінеді.

- Бұл жерде діннің де қатысы бар. Иерусалим, Газа аумағында мұсылмандар мен иудаизм діні өкілдерінің арасында қарама-қайшылықтар бұрыннан бар. Егер біздің осы жасаған жобаларымыз шынайы ықпалды болса, соған әсеріміз болуы керек еді. Бірақ оны ойлап жатқан ешкім жоқ.

Әлемдік ақпарат агенттіктерінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, АҚШ қазіргі уақытта Палестина мен Израиль арасындағы жанжалды реттеуге жағдай жасау үшін жоспар әзірлеу үстінде. Атысты тоқтату жөнінде үш пункттен тұратын стратегия дайын да көрінеді.

Қазақстандағы саясаттанушылар қалай болған күнде әлемдік қауымдастық, оның ішінде АҚШ-та бар, шиеленісті тоқтатудың амалдарын дереу ойластырғаны дұрыс дейді.

- Әлемдік қауымдастық қазір Израилды айыптауда. Өйткені, ол әскери күштерді, әскери соққыларын міндетті түрде тоқтатуы керек. Қазір барлығы да Палестинаны да, Газа секторындағы Хамас жетекшілерін де, әсіресе, Израиль үкіметінің жетекшілерін соғыс қимылдарын тоқтатып, келіссөздерге көндіруге мүдделі,- дейді саясаттанушы Сейфолла Сапанов.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали бейбіт адамдардың жазықсыз құрбан болуы әлем халықтарының қабырғасын қайыстыруда дейді.

- Террористермен күресеміз деп, жас балалар, әйелдер, қарттардың өліміне жол берілуде. Үйлер құлап жатыр. Таяу Шығыстағы жағдай әрқашан Израиль мен Араб мемлекеттерінің қақтығысына байланысты болатын. Біз бірнеше араб мемлекетінің ішкі қайшылығының күшейгенін байқаймыз. Бір жағынан, Египеттің позициясы, Иорданияның позициясы, Сауд Арабиясының позициясы, Сирияның позициясы. Бұлардың бәрінің позицияларының бір-бірінен айырмашылықтары да жоқ емес.


Associeted Press агенттігі қаңтардың 6-сы күні Газа секторында тағы 4 азаматтың қаза тапқанын хабарлады. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, соғыс қимылдарынан қаза тапқандардың арасында қазақстандықтар жоқ.


Соңғы мәліметтер бойынша онда қаза тапқандардың саны 500-ден асыпты. 2600 адам жарақат алды, оның басым бөлігі бейбіт тұрғындар деп хабарлайды әлемдік ақпарат көздері.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG