Армения мен Әзірбайжан президенттері қаңтардың 28-де Швейцарияда өтетін Дүниежүзілік Экономикалық форум барысында кездесуге келісті. Екі ел басшылары Таулы Қарабах жанжалын реттеу жолдарын талқыламақшы. Бұл жөнінде Еревандағы кездесуден кейін мәлім болды. Армения астанасында АҚШ, Ресей, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Минск тобы өкілдері президент Серж Саркисянмен кездескен болатын. Қарабах бойынша АҚШ-тың бас мәмілегері Мэтью Брызаның айтуынша, арағайындар Армения мен Әзірбайжан елдері жазға дейін бейбітшілік жөніндегі келісімге қол жеткізеді деп үмітенеді.