Accessibility links

Ирақта сайлауда берілген дауыстар есептелуде


Ирақ сайлаушылары жергілікті кеңестер сайлауында дауыс беріп жатыр. 31 қаңтар, 2009 жыл.
Ирақ сайлаушылары жергілікті кеңестер сайлауында дауыс беріп жатыр. 31 қаңтар, 2009 жыл.

Ирақ үкіметінің өкілдері жергілікті кеңестердің сайлауына сайлаушылардың жартысынан көбі – 51 пайызы қатысты деп мәлімдеді. Сенбі күнгі жергілікті сайлау айтарлықтай тыныш өтті және соғыстан жапа шеккен Ирақ халқының келешекке деген үмітін оятты.

Ирақта сайлауда берілген дауыстар есептелу үстінде. Оның бастапқы нәтижесі бірнеше күннің ішінде мәлім болады. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Фарадж Әл-Хайдари арнайы өткізген брифингте дауыс беруге сайлаушылардың 51 пайызы қатысқанын хабарлады. Бұл кейбір жорамалдан сәл кем, бірақ шенеунектер осыдан 5 жыл бұрынғы жергілікті сайлауға қатыспаған сүнниттердің дауыс беруге белсенді атсалысқанын мәлімдеді.

Сенбі күні түнде теледидардан сөйлеген сөзінде Ирақ премьер-министрі Нұри Әл-Мәлики сайлаудың сәтті өтуін бүкіл Ирақ халқының “жеңісі” деп сипаттады.

“Біздің осы ұлттық сайлауымыз аяқталған соң, оның нәтижесін ертерек анықтауға асығамыз. Мен бұл саяси процесті жалғастыруға зор серпін береді ғой деп үміттенемін. Сонымен қатар мен Ирақтың жарқын келешегі жолындағы сайлау қарсаңында болған барлық проблеманы біз ұмытамыз деп сенемін”, -деп мәлімдеді Ирақ премьері Нұри Әл-Мәлики.

Жергілікті кеңестер сайлауының ойдағыдай өтуімен Ирақ халқын БҰҰ да құттықтады. АҚШ президенті Барак Обама мәлімдегендей, бұл сайлау – Ирақтың келешегі үшін бар жауапкершілікті Ирақ халқының өз қолына алуы үшін өте маңызды қадам болды.

Өткен сенбі күні Ирақтың 18 облыс-өлкесінің 14-інде жергілікті кеңестердің мүшелерін сайлау болып өтті. Дауыс беруге құқы бар шамамен 15 млн. Ирақ азаматы жергілікті кеңестердегі 440 орынға өкіл сайлады. 14 мыңнан астам үміткер дауысқа түсті.

Ең маңыздысы – бұл сайлау біршама қантөгіссіз, тыныш өтті. Бірақ хабарға қарағанда, бақылаушылар бірқатар шағымды, оның ішінде сайлаушылардың тізіміне мыңдаған азамат ілінбей қалды деген арызды тексеріп жатыр.

Бағдад қаласының бір сайлаушысы дауыс беруге келген кезінде тізімнен өзінің аты-жөнін таба алмағанын айтады:
“Мен дауыс беру үшін сайлау учаскесіне келдім. Маған тізімде менің аты-жөнім жоқ дегенді айтты. Мен көшенің қарама-қарсы бетіндегі мектепке орналасқан сайлау мекемесіне бардым. Олар да тізімнен менің аты-жөнімді таба алмады. Мен жалғыз емеспін. Есімдері із-түссіз жоғалған 3, 4 немесе 5 отбасы бар”, -деп мәлімдейді Бағдад тұрғыны.

Ирақтағы жергілікті кеңестердің сайлауын, бақылаушылар осы жылдың екінші жартысында өтуге тиісті жалпыға бірдей сайлаудың қарсаңындағы әлеуметтік тұрақтылық пен саяси процестердің негізгі көрсеткіші деп қабылдайды.

Сонымен бірге сенбі күнгі сайлаудың маңызы – жаңа сайланған кеңестердің құзыры 2005 жылы сайланған кеңестердің құзырынан әлдеқайда кең болады. Ирақтың сүнниттері шииттермен арадағы қантөгістердің салдарынан 2005 жылғы сайлауға қатысудан бас тартқан болатын.

Өткен жылы Ирақтың ұлттық парламенті жергілікті кеңестердің құзырын кеңейтетін заң қабылдады. Ендігі жерде жергілікті кеңестер жергілікті әкімді өзі сайлайды немесе қызметінен босата алады, бюджетті мақұлдайды, полиция бастығының тағайындалуына тосқауыл қоя алады, жергілікті әлеуметтік және қайта құру жобаларын іске асыруға белсенді атсалыса алады.
XS
SM
MD
LG