Бүгін Алматыдағы Абылайхан даңғылы мен Әйтеке би көшелерінің қиылысында орналасқан «Нұр Отан» ХДП филиалы кеңсесінің алдында бір топ студент жастар «Біз жарамсақтыққа қарсымыз» атты наразылық шарасын өткізді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, студенттер өздерінің жағымпаздыққа қатысты жазған хаттарын «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Күншаев Нұрбатыр Серғалиұлына тапсырды.
Елдегі болып жатқан үлкенді-кішілі жарамсақтық әрекеттеріне тоқталған хаттың соңы төмендегіше аяқталған:
Жағымпаздану мен жарамсақтанудың жағымсыз үрдісіне өз қарсылығымызды білдіре отырып, біз, студенттер шенеунік мырзалардан мынаны талап етеміз:
Президентке жөн-жосықсыз жағымпаздану доғарылып, ол кісіні ұятқа қалдыру тоқтатылсын!
Нұрсұлтан Әбішұлына түрлі орден-медальдар ұсынып, оны Леонид Ильичпен салыстыруға сылтау болатын әрекеттер тоқтатылсын!
Қолдан көсем жасаудың жөнсіз тірлігіне жол берілмесін! Президентті марқұм Сапармұрат Ниязовпен шендестіру — елдің абыройын төгу!
Жағымпаздану мен жарамсақтанудың үрдісі тоқтатылсын! Бұл қауіпті дерттен қоғамды тазартатын уақыт жетті!