Қарағанды облысы Шахан ауылының тұрғындары әкімшілік ғимаратында аштық жариялап, наразылық акциясын өткізуде.
Наразылықтың туындау себебі аталған ауылға электр энергиясын тасымалдаушы «Энергомұнай» ЖШС мен арадағы ұзаққа созылған дау-жанжал болып отыр. Наразы топтың айтуынша, «Энергомұнай» соңғы уақытта электр энергиясының бағасын үш есеге қымбаттатып жіберген.
2008 жылдың басынан бері ауылда электр энергиясының құны 5,52 теңге болса, 2008 жылдың 1-маусымында 10,03 теңгеге дейін көтеріліп, тұрғындардың жаппай бас көтерулерінен кейін 6,78 теңгеге тұсірілген еді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұның бәрі монополияға қарсы күрес агенттігінің келісімінсіз жүзеге асып отыр.