Accessibility links

ҚР Ұлттық банкі теңге курсына байланысты жағдайға түсініктеме берді


Ұлттық банктің хабарламасында теңгенің айырбас курсының төмендеуіне байланысты төмендегідей себептер көрсетілген:
1. Мұнай бағасының арзандауы
Қазақстан экспортының 60 пайызын құрайтын мұнай қаржы нарығындағы валюталық түсімнің негізгі көзі. Мұнай бағасының соңғы жарты жылда 3 есеге дейін төмендеуі курс бағдарын қайта қарауға мәжбүр етті. Бірақ мұнай бағасы өскен жағдайда ұлттық валюта курсында айтарлықтай өзгерістер болуы мүмкін.
2. Сауда серіктестері валютасының девальвациялануы
Мысал үшін 2008 жылдың басынан 2009 жылғы қаңтарға дейін ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы девальвациясы Ресейде 44 пайыз, Беларуссияда 28, Украинада 53, Ұлыбританияда 38, Норвегияда 28, Бразилияда 31, Австралияда 27, Канадада 26 пайыз болды. Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілетін қамтамасыз ету үшін айырбас курсына түзету енгізу керек болды. Бұл екінші жағынан теңге курсының бұдан әрі әлсіреуін шектейді.
3. Екінші деңгейлі банктердің сыртқы қарызды өсіруі
Екінші деңгейлі банктерге қолдау берген мемлекет банк секторының сыртқы қарыздар бойынша міндеттемелерін орындау үшін шетелдердегі банк жүйесінің сыртқы активтеріне қысқарту енгізді.
4. Ұлттық банктің алтын валюта қорының сақталуы
2008 жылдың IV тоқсанынан бастап бүгінгі күнге дейін Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылық пен айырбас курсының ағымдағы деңгейін сақтап қалу үшін 6 млрд АҚШ долларын жұмсады.
Жағдайды шынайы бағалаған Ұлттық банк жарияланған бағдарға қол жеткізгенде девальвация қуаты жойылады деп есептейді.
Айырбас курсының нығаюы да әлсіреуі де әлемдік қаржы нарығындағы теңгенің жағдайы мен еуро-доллар динамикасына байланысты.
Ұлттық банк қаржы нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қосымша мынадай шаралар қабылдады:
- 2009 жылдың 5-ақпанынан бастап қайта қаржыландыру ставкасы 9,5 пайызға дейін төмендейді
- 2009 жылдың 3-наурызынан бастап екінші деңгейлі банктерге төменгі резервтік талаптар 2 пайыздан 1,5 пайызға, ішкі міндеттемелер бойынша 3 тен 5 пайызға, басқа міндеттемелерге 3 тен 2,5 пайызға дейін төмендетеді.
- Төлем жүйесінің тоқтаусыз қызметі қамтамасыз етіледі.
- Ақша айырбастау пункттері шетел валюталарымен жеткілікті мөлшерде қамтылады.

XS
SM
MD
LG