Accessibility links

Үкіметтің селекторлық кеңесінде теңге курсы мен жанармай мәселесі сөз болды


Бүгін өткен үкіметтің кезекті селекторлық кеңесінде ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко қазіргі уақытта қазақстандықтар қолдарындағы долларларын қайтадан теңгеге конвертациялап жатқанын айтты.

«Жеке адамдар мен кейбір кәсіпорындар желтоқсан мен қаңтар айларында доллар сатып алып, девальвацияны күтіп отырды. Қазір салықтарды, коммуналдық қызмет көрсетулерді және басқа да төлемдерді теңгемен төлеу қажет. Сондықтан адамдар долларларын қайтадан теңгеге конвертациялап жатыр», — деді Г. Марченко.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта банктердегі және жекеменшік ақша айырбастау орындарындағы жағдай тұрақтандырылған. Сату - 147, ал сатып алу - 148 теңге бағамында. Жұма күнгі биржада теңге 50 тиынға нығайған.

Үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов жанар-жағармай бағасын тұрақты түрде ұстап тұруды талап етіп: «Қазіргі кезде «ҚазМұнайГаз» жүйесі арқылы жанармай бағасын тұрақты ұстап тұру шарт. Сондай-ақ егіс науқанына дайындықты қамтамасыз ету қажет. Бұл екі мәселе ең маңызды болып саналады», — деді.
XS
SM
MD
LG