Accessibility links

"Азат" партиясының Тараздағы кеңсесіне біреулер ойран салып кетті


Бейсенбіден жұмаға қараған түні белгісіз біреулер «Азат» демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы кеңсесінің есігін бұзып ашып, тонап кеткен. Бүгін таңертең жұмысқа келген филиал қызметкерлері іші астан-кестеңі шыққан кеңседен кейбір заттардың жоғалғанын көрген.

Оқиға жайында ақпанның 13-і күні Азаттыққа "Азат" демократиялық партиясы Жамбыл филиалының жетекшісі Якобжан Жүнісбеков былай деді:

"Олар кеңседегі біраз құрал-жабдықтарды алып кеткісі келген болуы керек - есіктің жанына жинап қойған екен, бірақ бір нәрсе бөгет жасағанға ұқсайды, әйтеуір тек менің компьютерімді ғана алып кетіпті. Болған жайтты хабарлап дереу полиция шақырдық, олар кеңсені тексерді. Полицияға қылмыстық іс қозғау туралы арыз түсірдік. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал Мерхан Жаманбаев келіп, бұл істі өз бақылуына алатынын айтып уәде беріп кетті. Менің компьютерімде сондайлық маңызды, құпия деректер жоқ. Партия басшыларына жазылған хаттар мен партияның құжаттары ғана болған. Ал бұл тонаудың партияның іс-әрекетіне қатысты бар ма, жоқ па деген мәселені айту әлі ертелеу, бәрін тексеру барысы анықтайды», - деді Я.Жүнісбеков.

Азаттықтың Астанадағы тілшісі Бауыржан Шаяхметтің хабарлауынша, бүгін «АЗАТ» партиясының Астанадағы филиалы мәлімдеме жасады.

«Үкіметтің соңғы әрекеті қазіргі уақытта экономикалық дамудың Қазақстандық үлгісі тап болып отырған жүйелік мәселелердің барлық саты-сатыларын жалаңаштап тастады. 2008 жылдың күзінен бастап «АЗАТ» демократиялық партиясы әлеуметтік экономикалық жағдайды айқын бағалап, қаржылық дағдарыс тудырып, ұлғайып келе жатқан жағымсыз өзгерістердің алдын алуға қабілетті нақты ұсыныс жасады. Әйтсе де билік тарапынан біздің ұсынысқа ақылға қонымды ешқандай жауап болмады. Керісінше, билік еш дағдарыс жоқ, бұл сыртқы жаулардың әрекеті деп халықты алдаусыратты», — деген мәтіндегі мәлімдемені партияның Астанадағы филиалының төрағасы Уәлихан Қайсар оқып берді.

Сондай-ақ, партия өкілдері премьер-министрдің отставкаға кетуін талап етіп, 21-ақпан күні Қазақстанның облыс орталықтарында наразылық митингтерін ұйымдастыратындарын мәлімдеді. Бірақ, олар митинг үшін әлі рұқсат алмаған. Және «АЗАТ» партиясы ұлттық қордағы қаржының мемлекет басшысы айтқандай, 50 миллиард доллар емес, бар-жоғы 6 миллиард долларды құрайтынын, ал девальвацияның тек экспортерлер үшін ғана тиімді жағдай екенін алға тартып, премьер-министр қызметіне Ораз Жандосовты тағайындауды және қазіргі парламентті ауыстыру туралы талаптар қоятындарын хабарлады.
XS
SM
MD
LG