Accessibility links

Қазақстандық партия жетекшілері мәлімдеме жасады


Қазақстандағы «Азат» демократиялық партиясының төрағасы Болат Әбілов, ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбай, «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Серік Әбдірахманов, «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов және Коммунистік партияның төрағасы Серікболсын Әбділдиндер ҚР Бас прокуроры Рашид Түсіпбековтен соңғы уақыттардағы интернет сайттарына жасалып жатқан түрлі шабуылдарды бақылау мен кінәлілерді жауапқа тартуды сұрап, мәлімдеме жасады.

Бұл туралы Азаттыққа түсініктеме берген «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов: «Ақпарат көздеріне еркін қол жеткізу мүмкіндігі қазақ халқының да, Қазақстан халқының да бәсекеге қабілеттілігінің басты шартының бірі. ХХІ ғасырды ақпарат ғасыры дейтін болсақ, бүгінгі күні кез келген қоғамның біліктілігі мен әлемнен лайықты орнын алуы ақпарат алу еркіндігіне байланысты. Соңғы кезде әлеуметік экономикалық күйзелісті желеу қылып, еркін сөз айтатын сайттарға шабуыл жасалуда, бұл түбегейлі қате және мұндай шара арқылы сол сайттарға деген қызығушылық арта түседі. Сол сайттарды жабуға, шабуыл жасауға қанша қаржы кетіп жатыр, оның ішінде халықтың да қаржысы бар. Адамның бойында үрей туғызуға, адамды әлемнен оқшаулауға бағытталған бұл қадам терроризм іспеттес. Құқық қорғау органдары Конституциялық құқықтарды шектеумен емес, сол құқықтарды жүзеге асырудың кепілі болу үшін жұмыс істеуі керек, біздің талабымыз осы, мәлімдемеде де осыны айттық», — деді.
XS
SM
MD
LG