Accessibility links

Меккеге жаяу марш басталады


2009 жылы сәуір айында Астанадан тарихта алғаш рет Меккеге жаяу марш басталады, — деп хабарлады туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Баспасөз хабарламасында көрсетілгендей, «Нұр жолы» деп аталатын бейбітшілік пен келісім маршы 200 тәуліктен аса уақытқа созылады, ол Астанада 2009 жылы өткізілуі тиіс әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезіне орайластырылып отыр.

Ұзындығы 7007 шақырым маршрут Қазақстан, Өзбекстан, Иран, Түркия, Сирия, Иордан Хашимит Корольдігі, Сауд Арабиясы сияқты жеті елдің территориясы арқылы өтпек.

Маршқа қатысуға денсаулығы мен психологиялық параметрлері жағынан іріктелген 54 адамның 9-ы әйел. Олардың ішінде Қазақстанның 48 азаматы, Ресейден бес адам және Өзбекстанның азаматтары бар.

Бүкіл жол бойы олармен бірге қамтамасыз ету мен медициналық бақылау қызметтерінің автобусы және жүк көлігі қоса жүреді. 17 сәуірде жолаушылар Астанадан Шымкентке автобуспен жіберіледі, сол жерден жолға жаяу шығады.

«Марш саяси және діни ұрандарсыз өткізіледі. Оның басты мақсаты — жолында кездесетін елдерге Қазақстан Республикасының тарихын, мәдениетін, дәстүрлерін және жетістіктерін кеңінен таныту болып табылады. Сондай-ақ ұлтына және қай дінді ұстанатындығына қатыссыз азаматтарды бейбітшілік пен келісім қағидалары негізінде біріктіру ғана емес, халықаралық бітімгершілік рейтингісін де көтеру», — деді марштың директоры Руслан Абдуллин.
XS
SM
MD
LG