Accessibility links

Экс-министр Ысқақовты тұтқындауға санкция берілді


ҚР Қоршаған ортаны қорғау экс-министрі Нұрлан Ысқақов пен «Меркурий плюс» ЖШС-нің өкілі Жайылғановты тұтқындау туралы сот санкция берді, — деп хабарлайды Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) баспасөз қызметі.

30 наурыз күні қаржы полициясы Қоршаған ортаны қорғау экс-министрі Нұрлан Ысқақов пен «Меркурий плюс» ЖШС-нің өкілі Жайылғановты ұстаған еді. 1 сәуір күні оларға мемлекеттік сатып алу мәселесінде бюджеттің ақшасын жымқыруға қатысты, қызмет бабын пайдаланып, мемлекетке 1,172 миллиард теңге шығын келтірді деген айып тағылды.

Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) баспасөз қызметі таратқан хабарламада: «Астана қаласындағы №2 Сарыарқа аудандық соты алдын ала жүргізілген тергеу дәлелдерін ескере отырып Ысқақов пен Жайылғановты тұтқындуға санкция берді», — делінген.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Нұрлан Ысқақов қарамағындағы вице-министрлер тұтқындалған соң, бірден қызметінен кеткен болатын. Бірақ сол кезде ақпарат құралдары өкілдеріне өзін қызметінен босатса да, президенттің командасынан кетпейтіндігін мәлімдеген-ді.
XS
SM
MD
LG