Accessibility links

Жаңаөзенде аштық акциясын өткізген жұмысшылар заң орындары күш көрсеткенін айтады


«ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоғамының Жаңаөзендегі филиалының алдында өткен жұма күні аштық жариялауды бастаған үш жұмысшысы өздерін ұстап, ұрып-соққан жергілікті полиция мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінің үстінен шағым түсірмекші.

– Совет Төкенов, Аманқос Түлкібаев және Мырзахан Өтеғұлов Жаңаөзендегі филиалдың директоры Оразымбет Мүсірепов пен бас инженер Ислам Тегісбаевтың жұмыстан кетуін талап етіп, сәуірдің 17-сі күні өндіріс ғимаратының алдында жеке аутокөліктерінің ішінде аштық акциясын бастаған. Сол жерге келген заң өкілдері оларды газбен тұншықтырып, қолдарына кісен салып, ұрып-соғып алдымен жергілікті ҰҚК, онан соң полиция бөліміне апарып, сонда бір түн бойы абақтыда ұстады. Жұмысшылардың өтініші бойынша аштық акциясы өтіп жатқан жерге барған мені де ұстап апарып, соққыға жықты, - деп хабарлады оқиғаның куәгері, Жаңаөзендегі жұмысшылардың тәуелсіз кәсіподағының өкілі Таған Қашанов сейсенбі күні Азаттық радиосына.

Оның айтуынша, заң орындары жұмысшыларға қарсы қылмыстық іс қозғап, оларды сотқа береміз деп қорқытқан. Тек болған жайтты жұмысшылардың мобильді телефонға суретке түсіріп алғанын естіген соң, оларды босатып жіберген.

Сәуірдің 20-сы күні кәсіпорында құрылған арнайы комиссия аштық жариялаған үш жұмысшының талаптары орындалып, филиал директоры мен бас инженердің жұмыстан кеткендігін хабарлаған.
XS
SM
MD
LG