Accessibility links

Алматыда Аралды құтқару қорының саммиті басталды


Бүгін Алматыда халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының саммиті басталды. Аталмыш шараға қатысу үшін Орталық Азия елдерінің үш президенті: Э. Рахмон, Г. Бердімұхамедов пен Қ. Бакиевтер Алматыға келіп үлгерді, енді Өзбекстан президенті И. Каримов келісімен саммиттің бірінші бөлімі басталмақ.

ХАҚҚ –ның мұның алдындағы саммиті 2002 жылы Тәжікстанның астанасы Душанбеде өткізілген еді. Жиынның қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары «2003-2010 жылдарға арналған Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту жөніндегі нақты әрекеттер бағдарламасының негізгі бағыттарын» мақұлдаған еді.

Қазақстанда ХАҚҚ саммитін өткізу туралы келісім 2008 жылғы 10 қазанда Орталық Азия мемлекет басшыларының Бішкектегі басқосуында жасалған.

Аталмыш басқосуда қордың қызметіне қатысты, оның жарғылық органдарының – Басқарма, Атқару комитеті мен Тексеру комиссияларының жаңа құрамын қалыптастыру, қордың халықаралық ұйымдармен, қаржылық құрылымдармен және донорлармен ынтымақтастығын күшейту мәселелері талқыланады.

Қордың құрылтайшы мемлекеттері президенттерінің өткен жылғы шешіміне сәйкес, алдағы үш жылдық кезеңде (2009-2011) ХАҚҚ төрағалығының міндетін Қазақстан Республикасы атқарады.

Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) 1993 жылы Орталық Азия мемлекет басшыларының шешімімен Арал теңізі бассейніндегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі бірлескен іс-қимылдар жоспарлары мен бағдарламаларын қаржыландыру мақсатында құрылды. Қордың құрылтайшылары – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан.
XS
SM
MD
LG