Accessibility links

Қазақстан мемлекеттік шекарадан өтушілерді бақылауды күшейтпек


Қазақстан көлік және коммуникация министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттеріндегі бақылау күшейтілмек.

«Биотерроршылдыққа қарсы әрекет жасау мен республика аймағына басқа да террорлық құралдардың әкелінуіне жол бермеу мақсатында мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттеріндегі бақылауды күшейтуге арналған шаралар қолдануда», — делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Атап айтқанда, автокөлік және жүк тасымалдауға берілген құжаттарды тексеру қатаң қадағалануда, жақын және алыс шет елдерге жүк тасымалдаумен айналысатын жүргізушілермен де жұмыс жүргізілуде.

Ұлттық қауіпсіздік қызметі, ішкі істер желілік бөлімшелері және көлік прокуратурасы бірлесіп, халықаралық және жергілікті қатынастағы пойыздарда терроршылдық акцияларының алдын алу мен тоқтату, тиым салынған діни әдебиеттерді тасу фактілерін әшкерелеу мақсатында рейдтік тексерулер жүргізеді.

Барлық әуежайларда видеобақылау жүйесі енгізілген, оларды қазіргі заманғы тексеру құралдарымен жабдықтау ісі бақылауға алынған, әуежайлардың авиациялық қауіпсіздік қызметі толығымен жедел радиобайланыс құралдарымен жарақталып, өтімділігі жоғары патрульдік автомомобильдер мен арнайы киімдерге ие болған.

Сондай-ақ, Ақтау халықаралық сауда теңіз портында мұнай және құрғақ жүк таситын шетелдік кемелер порт айлағына келген бетте облыстық кеден басқармасы сүңгуірлерінің арнайы бөлімшелері кемелердің су астындағы бөлігінде жарылғыш құрылғылар, есірткі, улы химикаттардың және басқа да алып өтуге болмайтын материалдардың бар-жоғын анықтау мақсатында тексерістер өткізеді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
XS
SM
MD
LG