Accessibility links

Әскери прокуратура Алматы облысындағы жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады


Қазақстан әскери прокуратурасы Алматы облысындағы полигонда жарылыс шығу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Шекара әскерлері әскери прокуратурасы Алматы облысындағы полигонда жарылыс дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 246 бабының 2 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Іс бойынша тексеру жүргізу ҚР ІІМ Алматы әскери-тергеу басқармасына жүктелді.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше Алматы облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2466-шы әскери бөлімінің қару-жарақ қоймасынан өрт шығып, соңы жарылысқа ұласқан, соның салдарынан 20 жастағы жедел қызметтегі әскери қызметкер қаза тапқан.

Қаза тапқан 20 жастағы әскери қызметкердің әскерге осы жылдың мамыр айында ғана шақырылған Н. В. Овчаренко екені анықталды, қазір оның денесі сот-медициналық сараптамадан өткізу үшін мәйітханаға жеткізілген.

Жарылыс болған әскери бөлім Алматы облысының Іле ауданындағы Қараой кентінен 1 шақырымдай жерде орналасқан. Қауіпті аумақтан 46 отбасы, әскери бөлімнің аумағынан 120 жауынгер көшірілді. Төтенше оқиғаның салдарын жоюға 147 адам мен 40 техника жұмылдырылды.
XS
SM
MD
LG