Accessibility links

Мақсат Айтбаев. Алыстағы Америкада өзін мерт қылған бозбаланың хикаясы


Мақсат Айтбаев алыстағы Америкада.
Мақсат Айтбаев алыстағы Америкада.

АҚШ-тың Техас штатындағы Форт-Уэртте басылатын «Стар тэлигрэм» газеті қазақ жерінде балалар үйінде тәрбиеленіп өсіп, АҚШ-та асылып қаза тапқан бір қазақ бозбаласының тарихын әңгіме етіп жазыпты. Оның есімі – Мақсат Айтбаев.


МАҚСАТТЫҢ ТІРІ ЖЕТІМГЕ АЙНАЛУЫ


Мақсаттың тарихы оның атажұрты Қазақстанда бастау алады. Бүлдіршін кезінде, отбасымен бірге өздерінің Қазақстанның бір мұнай өндірумен айналысатын өңіріндегі қаласында тұрғанын Мақсат еміс-еміс біледі. Тым сәби, тым балаң кездерінің естелігі бұлыңғыр болса да, Мақсаттың жадында өз отбасының бақытты өмір сүргені жатталып қалыпты. Мақсат үшін барлық қиындық атаулы бір күні әкесі мен шешесі арасында айғай-ұйғайдың шығуынан басталады. Бір-бірімен жүз шайысып, әбден өзара көңілдері қалған әке-шешесі ажырасып тынады. Мақсат бөгде қалада өмір сүру үшін шешесімен бірге көшіп кетеді.

...Шешесімен бірге бөтен қалаға кеткен сәби Мақсат, өздерінің қонақ үйді баспаналағанын айтады. Әкесін қанша сарыуайым боп көруге ынтықса да, енді бұл мүмкін емес болатын.
[Поэма] маған 1992 жылы, 4 жасымда айырылған әкемді есіме салады... Одан арақ-шарап иісі мүңкіп тұрса да, мұның нашар зат екенін мен білмедім. Мен оның жай бетіне қарағым келді, себебі, мен онымен бірге болып, ойнап, билеуге құштар болатынмын...


...Еміс – еміс есінде, Мақсат анасының бейтаныс жандармен достаса беретінін байқайды. Мұның түбінде шешесін өзінен айыруға әкеле жатқан іс екендігін сәби жаны алдын-ала сезді ме қайдам, анасы бөтендермен тіл табыса бастағанда-ақ Мақсат боздап жылап қоя беретін болады.

Бірде, Мақсаттың шешесі мұны тастап, мүлде тайып отырады... 4 жасар сәбиді тауып алған әйел Мақсатты дәрігерлерге көрсеткенде, олар оған көксау диагнозын қойыпты. Сөйтіп, Мақсат 8 жыл бойы өкпе ауруымен ауыратындар емделетін санаторийде өмір сүреді. Мұнда ол шешесінің оралуын бекерден-бекер сарыла күтеді... 2000 жылы ол балалар үйіне ауысады...

РЕБЕККА МАРТИННІҢ ХИКАЯСЫ


...Ребекка Мартин Техас штатындағы Ривер Оукста туып өседі. Ол бала кезінен алыс аймақтарға сапарлап, бөтен ел мен жерді көріп, көңіл сусындатуды көп армандады. Бейбітшілік Корпусына қосылып, алыс мемлекеттерге барып, жер-су танып, көмекке мұқтаждарға қол ұшын созу оның тілеген нәрсесі еді...

...Арманшыл Ребекка Мартин тұрмысты да ерте құрды. Тағдыр оның маңдайына 3 ұл, 1 қыз табуды жазыпты. Алайда, кейінірек дәм-тұзы жараспай күйеуімен ажырасып кетеді. Балаларын асырап еңбек ете жүріп, Техас штатының христиан университетін тәмәмдайды. Сонымен қатар, Форт-Уэртте ақыл-есі нашар дамыған балаларға ағылшын тілі дәрістерінен сабақ береді...

Мартин мен Мақсат Қазақстандағы әуежайда. «Стар тэлигрэм» газетіндегі сурет.
Өз балалары өсіп, ержеткен соң, алыс елдерге сапарлау қиялы оған тағы да маза бермейді. Сөйтіп, Мартин «Бейбітшілік корпусының» қызметіне алынып, 2003 жылдың маусымында Қазақстанға жол тартады. Бұл ел ССРО құрамында болған, Техас штатынан жер аумағы 4 есе үлкен мемлекет болатын.

Қазақстанда Ребекка Алға ауылындағы балалар үйінде жетімектерді тәрбиелеумен айналысады. Ол тұрған үйде душ та, ыссы су да болмайды. Алайда, еңбектеген жетім сәбилердің қамын ойлаған оның, душ, ыссы су дегенді армандауға мұршасы да болмайды...

...Осы жетімдер үйінде оған Мақсат есімді ақылды, білімге құштар және арманшыл жаөспірім жолығады. Оның ағылшын тілінде даярлаған өмірбаянын оқи отырып, баланың өмірінің жай-жапсарына Ребекка қанық болады. Өкінішті де, аянышты сәби ғұмыры, оны айтқан жасөспірімнің көз жанарындағы терең мұң бұған қатты әсер етеді...

...Сөйтіп ол Мақсатпен етене араласа береді. Жетімекке деген аяушылық сезімі Ребекканы үсті-үстіне баурап, екеуі туыстай боп кетеді. 2003 жылы Мартин оны жолықтырғанда, Мақсат 15 жаста ғана еді. Мартин жасөспірімді бала етіп, Америкасына алып кетіп, тәрбиелеуді армандайды.

Мүмкін, мұндағыға қарағанда бай да бақуатты тұрмыс, жаңа әсерлер мен жаңа ахуал жетімекті бақытты етер?! Алайда, оны бұл істе сәтсіздік күтіп тұрғанын Ребекка әлі білмеген еді.

АҚТАЛМАЙ ҚАЛҒАН ҮМІТ

Қазақстан заңдары бойынша Ребекка Мартин Мақсатты өзіне бала етіп асырап ала алмайтын еді. Отбасы мәселелері себебінен, 2005 жылы Ребекка Отанына оралады. Ал Мақсат балалар үйінен соң, Қазақстанның бір университетіне оқуға түседі. Мартин екеуі интернет бойынша тілдесіп, хат жазысып тұрады.

Бірде Мақсат оған: «Сізді ұмыту мүмкін емес. Мұны өзіңіз де тамаша білесіз» деп хат жазады... Ақыр соңында 2008 жылы олар бір-бірімен қайта қауышады... Бұл жолы Мақсат АҚШ визасын алуға қол жеткізеді. Мартин оның жолақысын өзі төлейді, мұхит асып сапарлап келген бозбаланы Нью-Йорктің әуежайында күтіп алады да Форт-Уэрттің солтүстік-батысындағы қыратты жердегі өзінің кең үйіне орналастырады.

Тыныш та әдепті балаң жігітке тұру үшін бұл үйде бөлек бір бөлме бөлінеді. Америкада көп нәрсе оны таң қалдырады. Мәселен, ол ыдыс жуатын машинаны көріп қатты таңданған, әрі ас салатын қаңылтыр қалбырларды ашатын жаңа, ісі өнімді консерві ашқыш құралды көріп, сүйінішін жасыра алмапты.
Мақсат өзін асырап алған Мартиннің үш немересімен бірге. Техас штаты.


Мақсат Мартиннің балаларымен де, туыстарымен де тамаша тіл табысып кетеді. Америкада ол аутөкөлік жүргізушісінің куәлігін алып, гитара мен фортепьяно дәрістеріне жазылады. Қыркүйекте Мақсат Таррант графтығының колледжіне түсіп, мемлекет пен құқық, геология мен ағылшын тілдері бойынша «үздік» деген бағаға емтихан тапсырады.

Ұстаздар жасөспірімнің зейіні мен білім алу қабілетінің ерекше алғырлығына көңіл аударып, таңдай қағысады... Теодор Реткенің «Әкемнің вальсі» атты жыры сарапталған Мақсаттың бір еңбегінде, ол былай деп жазады: «[Поэма] маған 1992 жылы, 4 жасымда айырылған әкемді есіме салады... Одан арақ-шарап иісі мүңкіп тұрса да, мұның нашар зат екенін мен білмедім. Мен оның жай бетіне қарағым келді, себебі, мен онымен бірге болып, ойнап, билеуге құштар болатынмын...»

ӨМІРДЕН КҮДЕР ҮЗУ

Бірде Ребекка Мартин Мақсаттың көңілі қаяулы екенін байқайды. Қазақстанда өзінің құрбылары жұпыны өмір сүріп жатқанда, бұлайша шат-шадыман, молшылықта тіршілік кешуін ол дұрыс іс деп санамайды. Христиан дінін қабылдаған ол, Мартинге бірде, аспанға көтеріліп, Иса пайғамбармен кездеспек ниеті бар екенін де жайып салады.

Жасөспірім жігіттің өмір сүруге деген құштарлығы қазан айындағы гүлдей солып бара жатқанын көріп, Мартин не істерін білмей дал болады. Десе де, қанша жыл бойы жиылған уайым мен жалғыздықтан құлазу сезімі жігіт бойын әбден меңдеп кеткені сезіледі.

Ребекка бірде оны тіпті ауладағы талға асылып, өзін-өзі өлтірмек боп жатқан жерінен құтқарып қалады... Әйтсе де, балаң жігіт өзінің о дүниеге кетсем деген арманын орындауға ұмтыла береді... Сөйтіп бірде, сәуір айының соңында ол асылып, мәңгілікке көз жұмады...
Ол жүрегі көтере алмаған соң қайтыс болды


Мақала соңында, Қазақстандағы жетімдерге көмек көрсету үшін Ребекка Мартиннің Мақсат Айтбаев атындағы қайырымдылық қорды құрғаны және бұл қордың банк шоттары туралы мәлімет беріліпті.

Мақсатты Оуквуд қаласында, Мартиннің әкесінің зиратының жанына жерледі. Биылғы жылғы наурыздың 27-сі күні Мақсат 21 жасқа толған еді.

Техастық «Стар тэлигрэм» газетінің журналисті Тим Мэдиганның жазуынша, Ребекка Мартин Мақсаттың Отанында балаларға арналған ойын алаңын салуға ақша жинау үшін жергілікті банктен қайырымдылық шотын ашыпты. Ол бұл алаңды салуға Бейбітшілік Корпусының еріктілері жәрдемдеседі деп үміттенеді.

Бірде немересі Ребекка Мартиннен: «Мақсат неге қайтыс болды?» деп сұрады

«Ол жүрегі көтере алмаған соң қайтыс болды», - деп жауап берді Мартин.

Бұл күндері Мартин Мақсаттың жазған хаттарын жиі қайталап оқып, бозбаланың неліктен морт сынғанын, неге өмір сүргісі келмегенін түсінуге тырысады. Ребекка Мартин Мақсат Айтбаевтың қандай болғанын алыстағы Қазақстанда тұратын балалардың білгенін қалайды.

«Стар тэлигрэм» газеті мақаланың соңында Мақсат Айтбаев атындағы қайырымдылық қордың банктегі шоттары туралы мәлімет беріпті.

Maxat Aitbayev Memorial Fund for Children’s and Youths’ Home in Kazakhstan. Chase Bank, 6543 Lake Worth Blvd., Fort Worth, TX 76135.
XS
SM
MD
LG