Accessibility links

Ресейдің ветосынан кейін Грузиядағы БҰҰ миссиясы аяқталды


БҰҰ-ның Грузиядағы бақылаушы миссиясы сейсенбі күні ресми түрде аяқталды. Бұған Қауіпсіздік кеңесінде қаралған Грузияға қатысты қарар жобасына Ресейдің вето қоюы себеп болды. Аталған қарар жобасында Грузиядағы БҰҰ-ның 16 жылдық миссиясын кеңейту ұсынылған болатын.

150 мүшеден құрылған әскери бақылау миссиясы Грузия мен жікшілдік Абхазия аймағында орналасқан сепаратистер арасындағы атыстың тоқтауын бақылап келген болатын. Енді бұл миссия өз жұмысын доғарып, елден шығып кетуі тиіс.

Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Виталий Чуркин БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі Мәскеудің вето қою құқығын пайдаланды. Чуркиннің айтуынша, әлгі қарар жобасында Ресейдің Абхазия тәуелсіздігін мойындауына назар аударылмаған.

Өткен жылы Грузиямен арада орын алған соғыстан кейін Ресей Грузияның екі жікшіл аймағы – Абхазия мен Оңтүстік Осетияның – тәуелсіздігін мойындаған болатын. Ресейді тек Никарагуа елі ғана қолдады. Грузия мен халықаралық қауымдастық бұл аймақтарды Грузияның бөлігі деп атайды.
XS
SM
MD
LG