Accessibility links

Стюардессаға тіл тигізген депутаттың өкілеттілігі тоқтатылды


«Эйр-Астана» АҚ авиакомпаниясының стюардессасын сөзбен қорлаған Мәжіліс депутаты Серікжан Мұқашевтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Мәжіліс депутаттары Орталық сайлау комиссиясының бұл шешімін бірауыздан қолдады.

Өткен аптада «Эйр-Астана» авиакомпаниясы депутат Серікжан Мұқашевты ерсі қылығы үшін айыптаған болатын. Олардың айтуынша, Ақтөбеден Алматыға ұшып келе жатқан депутат қонар алдында белдікті тағып, орындықтың арқалығын көтеріп қоюды сұраған стюардессаға тіл тигізген.

«Мен Мұқашев мырзаға 5 – 7 минуттан кейін қонамыз, орындықтың арқалығын көтеріңіз деп едім, ол мені есалаң, ақымақ деп тілдеді», — дейді Юлия Анохина. «Эйр-Астана» бұл жағдайды анықтауды сұрап, президент әкімшілігіне хат жазды.

«Мұқашевтың өзі өкілеттігін тоқтатуды сұрап, өтініш жазғанына қарағанда кінәсін сезінген болуы керек. Жалпы біз, партиялық этикетті сақтап, қоғамдық тәртібімізге қатаң қарауымыз керек», — деді депутат Виктор Киянский.
XS
SM
MD
LG