Accessibility links

«Тентек» шахтасындағы апатты тәуелсіз сарапшылар зерттейді


«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қарасты «Тентек» шахтасындағы үш адамның өмірін қиған апат себептерін зерттеуге Алматы мен Санкт-Петербургтен тәуелсіз сарапшылар шақыруға шешім қабылданды, — деп хабарлайды Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, маусымның 28-інде 23 сағат 15 минутта Шахтинск қаласындағы Тентек шахтасында тереңдігі 300 метрге жуық лавада көмір қабаты құлап, улы метан газы жайылған.

Осы кезде лавада болған Рустам Попов, Артур Гук және Николай Письменчук атты кеншілердің денелері табылған, ал тау-кен бұзу техникасының машинисі, хал үстінде құтқарылған Василий Штенцельдің жағдайы өте ауыр.

Шахтинск қаласының прокуратурасы бұл апатқа қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 245 бабының 2 тармағы, яғни «кен қазу кезіндегі адам өліміне әкелген қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.
XS
SM
MD
LG