Accessibility links

Серік Тұржановтың жақындары қаржы полициясы таратқан ақпаратты терістеуде


Бүгін тұтқындағы Серік Тұржановтың жақындары мен әріптестері осыдан екі күн бұрын қаржы полициясы таратқан ақпараттың жалған екенін айтып, мәлімдеме жасады.

Шілденің 1-і күні қаржы полициясы Темірәлі Шіркінбаев деген біреудің «КИІК Фирмасы» ЖШС-нің құрылтайшысы Серік Тұржановқа белгіленген шектеу шарасын өзгерту үшін пара бермек болған жерінен тұтқындалды деген ақпарат таратқанын хабарлағанбыз.

«Қаржы полициясының өкілі Мұрат Жұманбайдың Темірәлі Шіркінбаев есімді азаматтың Серік Тұржановтың қылмыстық ісін өзгерту үшін пара бермек болды деген мәлімдемесін жоққа шығару үшін баспасөз жиынын өткізіп отырмыз. Біз ол адамды білмейміз, ол жайлы бірінші рет естіп тұрмыз. Мен және менің отбасым, тіпті біздің достарымыз да ол адамды танымайды. Кеше қызым онымен (Серік Тұржанов – ред.) кездеспек болған. Серік те ол адам туралы бірінші рет естіп тұр» , — деді Серік Тұржановтың әйелі Мейраш Тұржанова Азаттық радиосына.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, «КИІК Фирмасы» ЖШС-нің құрылтайшысы Серік Тұржанов маусымның 2-і күні жемқорлық жасады деген күдікпен осы фирманың бас директоры Александр Нысанов және статистика агенттігі төрағасының орынбасары Бірлік Меңдібаевтармен бірге қамауға алынған болатын.
XS
SM
MD
LG